Жергілікті өкілді органдар қызметінің форматын түбегейлі жаңғырту қажет. Бұл туралы Қазақстан мәслихаттарының 25 жылдығына арналған республикалық конференцияда Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсенбинов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Осы жылдың 24-25 қарашасында Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы фракциясы мүшелерінің және мәслихат хатшыларының қатысуымен өткен өңірлік филиалдар өкілдері кеңесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрбір әкім мен мәслихаттардың, фракция депутаттарының партиялық жауапкершілігін түбегелі күшейту қажеттігін, қазіргі уақытта мәслихаттың өңірлердің дамуына ықпал ете алатын тетіктері бар екенін және оларды қолдану керектігін атап өтті. Партия төрағасының осы сөзін басшылыққа ала отырып, жергілікті өкілді органдар қызметінің форматын түбегейлі жаңғырту қажет деп есептеймін», - деді ол.
С.Дүйсенбинов мәслихат депутаттары жұртшылықты толғандырып отырған өзекті мәселелерді мемлекеттік органдар назарына жеткізу жұмысын жандандырып, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынуға, сонымен бірге ашық болуға, халықпен жиірек кездесуге, БАҚ-тардың, әлеуметтік желілер мен мессенджер мүмкіндіктерін толық қолдануға тиіс екенін айтты.
«Жалпы алғанда, мәслихаттар өз тиімділігін арттырып, азаматтық диалогтың дамуына бағытталған адамдардың сұраныстарына сергектікпен қарайтын, жергілікті проблемалар талқыланатын және өз қызметінде қоғам бірлігін нығайтуға ықпал ететін орталыққа айналуы тиісті»,- деді облыстық мәслихат хатшысы.