07 сәу, 2021 сағат 09:13

Жерді шетелдіктерге беруге толықтай тыйым салынады - Нығматулин

Заңнама аясында жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі мақұлданып отырған жер қатынастары туралы заң жобасының Қазақстан қоғамында маңызы да, орны да ерекше. Себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген осы құжаттың нәтижесінде халқымыздың назарында жүрген сұрақ бойынша нақты шешім қабылданды. Енді жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынады», - деді Н. Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. 

Заң жобасымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға беруге толық тыйым салу көзделген.