Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД апат қаупін азайту мен азаматтық қорғаныс саласын бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы елордалықтарға пештің мұржасы мен құдығын тексеріп, тазалап қоюды ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көп жағдайда пеш – өрттің шығуына себепші болып жатады. Жалпы өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес үйдегі пештерге қойылатын бірқатар норма мен талап бар. Олардың біріншісі әрі ең негізгісі – төбе жабындысынан өтерде пештің мұржасы жанып кетуі мүмкін материалдарға тимей орналастырылуы керек. Яғни мұржаның өртке қарсы аралығы қарастырылған. Бұл аралық – кем дегенде 38 сантиметр болуы тиіс. Өздеріңіз білетіндей, пешті салынғанда төбе жабындыларынан мұржасын өткізер кезде ол кірпішпен қоршала тұрғызылады. Екіншіден егер үйдің қабырғасы жанғыш материалдардан, шпалдардан салынса, онда пештердің осы жануы оңай қабырғаларға дейінгі арақашықтығы сақталуы тиіс. Бұл енді пешті салу кезінде ескеретін мәселелер», - деді Еркін Отарғалымұлы елорда әкімдігіндегі онлайн брифинг барысында.
Оның айтуынша ауа райы күрт суыған кезде пешті кейбір үйлер шамасынан тыс қыздырып жатады. Осы ретте монтаждау кезінде кемшілікке жол берілсе ол үйден өрт шығу қаупі өте жоғары.
«Екінші мәселе – қыста біз пештің маңайына, үстіне киім жаямыз, аяқ киім кептіреміз. Пешті жаққан кезде кейбіріміз отты тез тұтататын сұйықты пайдаланымыз. Бұл өрт қауіпсіздігі талаптарына қайшы келетінін тағы да ескерткім келеді. Тағы да бір мәселе – пештерді бақылауды кішкентай балаларға тапсыру. Ол да бұрыс үрдіс. Өйткені жанып жатқан пеш – қауіптіліктің жоғарғы нысаны екенін естеріңізге саламыз», - деді ол.
Еркін Отарғалымұлы қазір күн суыта бастағандықтан пештің мұржасы мен құдығын тексеріп, ыстан тазалап алу керектігін ескертті.
«Күн суыта бастағанда өкінішке қарай кейде адамдарға ыс тию фактісі тіркелуі мүмкін. Сол себепті пешті тексеріп, саңылауы болса бітеп, ақтап қойған абзал. Жылыту маусымында кем дегенде осы тексеру жұмысын жүргізіп алу артық болмайды», - деді ол.