Бүгiн ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгiнде жер заңнамасын жетiлдiру мақсатында құрылған жұмыс тобының отырысы өттi. Жұмыс тобына басшылық еткен ҚР АШМ вице-министрi Ерлан Нысанбаев «ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне жер қатынастарын реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» ҚР Заң жобасын және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердi жалға беру институтын жетiлдiру жөнiндегi жұмыстармен таныстырды, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
Вице-министр сөз басында шетелдiктерге жердi жалға беруге 2021 жылға дейiн мораторий жарияланғандықтан бұл мәселе қаралмайтынын атап өттi. Оның айтуынша, жалпы республика бойынша 31,3 мың га жердi шетелдiктер жалға алып отыр. Жалпы, ел аумағында 100835,4 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бар және мұндағы шетелдiк жер пайдаланушылардың үлес салмағы – 0,03 пайыз.
«Заң жобасын әзiрлеу барысында бiз үшiн барлық процедураның ашық түрде өткені маңызды. Қазақстандықтарға жалға берiлетiн жер учаскелерiнiң тiзiмi конкурс аяқталғанға дейiн ашық болуы керек. Ол халық тарапынан наразылық болмауы үшiн қажет. Комиссия құрамындағы қоғамдық ұйымдардың үлесi 50 пайыздан кем болмайды. Бұл конкурс өткiзетiндер арасындағы жемқорлыққа жол бермейдi», - дедi ол.
Ерлан Нысанбаев бiрыңғай типтiк келiсiмшарт әзiрленіп, жер тиiмдi түрде пайдаланылуы керек екенін айтты. Егер жер сапасы нашарлаған жағдайда, жалға берiлген жер учаскелерiн қайтарып алу тетіктері жасалады. Әкiмдiктер жердiң мақсатқа сай пайдаланылуына жауап бередi. Жер аса тиiмдi бизнес-жобаларға да жалға берiлмек.
Вице-министрдiң айтуынша, заң жобасы көпшiлiк талқылауына ұсынылады. Оны ҚР Парламентi Мәжiлiсiне қараша айының соңында енгiзу жоспарланған.
Жұмыс тобы ҚР Премьер-министрiнiң орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Асқар Мырзахметовтың 2016 жылғы 21 қыркүйектегi N396 бұйрығымен құрылған. Топ құрамына 39 мүше: мүдделi орталық мемлекеттiк органдардың өкiлдерi, облыс әкiмдерiнiң орынбасарлары, облыстардың, Алматы және Астана қалаларының жергiлiктi атқарушы органдарының, Ұлттық кәсiпкерлер палатасының өкiлдерi, ҚР Ғылым академиясының ғалымдары кiрдi.