23 қаз, 2025 сағат 15:31

Жер сілкінісі туралы хабарламаны естіген алматылықтар далаға шықты

Коллаж: Ult.kz

Алматы тұрғындарының ұялы телефондарына жер сілкінісі жөнінде ескерту хабарламасы келген соң, көбі далаға шыққан, деп хабарлайды Ult.kz.

Жағдайға қатысты түсініктеме Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінде берілді.

«Сейсмодатчиктердің деректері бойынша, Қырғызстан аумағында сейсмиялық оқиға тіркелді. Ол халық пен инфрақұрылым нысандарына қауіп төндірмеген. Оқиға туралы хабарлама автоматты түрде қалыптастырылды. Бұл жүйенің тестілік-жауынгерлік режимдегі жұмысының бір бөлігі болып табылады және қате емес», – деп хабарлады ведомство өкілдері.


Департаменттің мәліметінше, қазіргі уақытта Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу орталығының датчиктері мен жабдықтарын MassAlert жаппай хабарлау жүйесімен біріктіру жұмыстары жалғасып жатыр.


«Мамандар сейсмикалық станциялар мен датчиктердің жұмысын зерттеп, барлық жағдайды анықтауда. Хабарламалар болашақта халыққа барынша нақты және түсінікті жетуі үшін параметрлер мен алгоритмдер реттеліп жатыр», – делінген ресми түсініктемеде.


Еске салайық, бүгін Алматы тұрғындарының ұялы телефондарына жер сілкінісі туралы ескерту хабарламалары түскен болатын.

Сейсмологиялық станциялар желісі 23 қазан күні, Астана уақытымен сағат 12:20-да жер асты дүмпулерін тіркеген. Алдын ала мәлімет бойынша, эпицентр Алматыдан 136 шақырым оңтүстік-батыста, Қырғызстан аумағында орналасқан.