17 сәу, 2021 сағат 14:09

Жер реформасы жөніндегі комиссия жүзге жуық сұрақты талқылады

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті, төртінші отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыс барысында Комиссия мүшелері жер қатынастарын реформалауға қатысты мәселелер мен ұсыныстарды тыңдады. Бұл сұрақтар бұдан бұрын жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері мен АӨК саласының мамандарының қатысуымен жұмыс топтарында қаралған болатын.

Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша жер реформасы жөніндегі Комиссия Үкіметке ұсыныс беруді шешті:

- жер заңнамасына Қазақстандықтардың ауыл шаруашылығы жерлерін ұзақ мерзімді пайдалану құқығын жаңа мерзімге жалға беруді ұзарту басым құқығымен 49 жылға дейінгі мерзімге сақтау бөлігінде тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін. Бұл шешім еліміздің ауыл шаруашылығын тұрақты дамытудың кілті болады;

- Қазақстандықтардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттен сатып алмай жалдау құқығын иеліктен шығару нормасын сақтау жөніндегі заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу. Бұл жерді пайдалану құқығы нарығын қалыптастыра отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін экономикалық айналымға тарту тетігін іске қосуға мүмкіндік береді;

- жайылымдардың жетіспеушілігі мәселелерін шешу үшін елді мекендердің айналасындағы жайылымдық жерлердің тапшылығына талдау жүргізу;

- мемлекеттік органдардың шешімдері бойынша әкімшілік шекаралар өзгерген жағдайда жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелеріне сәйкестендіру құжаттарын бюджет қаржысы есебінен дайындау (республикалық бюджетті) қажеттігі туралы норманы заңнамалық тұрғыдан бекіту.


Жер реформасы жөніндегі Комиссия дауыс беру арқылы бірнеше ұсынысты қараудан алып тастау туралы шешім қабылдады, өйткені бұл мәселелер қолданыстағы заңнамада бар.

Оның ішінде ауыл шаруашылық жерлерін субарендаға беруге тыйым салу және латифундистердің пайда болуына жол бермеу үшін аффилиирленген тұлғаларға ауыл шаруашылық жерлерін беруге тыйым салу туралы ұсыныстар қараудан алынып тасталды.

«Жұмыс тобына қатыса бермейтін көпшілікке осы күнге дейін қанша мәселе қаралғаны туралы ақпарат бергенді жөн санап отырмын. Комиссияның өткен үш отырысында бір емес, үш емес, 91 сұрақ қаралды. Тек бүгін ғана 4 сұрақты қарап отырмыз. 16 мәселе бойынша нақты шешім қабылданды, заңнамалық қызмет аясында Парламенттің қарауына 28 ұсыныс дайындалуда, 47 сұрақ Үкіметтің шешімін қабылдауға жіберілді, тағы 18 мәселені жұмыс топтарындағы күн тәртібінен алып тастадық. Комиссияның әр отырысында біз нақты шешімдер қабылдадық», - деп атап өтті Жер комиссиясы жұмысының тиімділігін бағалаған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.