23 қар, 2016 сағат 13:11

Жер кодексінің кейбір нормаларына енгізілген мораторий 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады

Мәжіліс депутаттары Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін тоқтата тұруды көздейтін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Аталмыш заң жобасын халық қалаулыларына ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырхахметов таныстырды.

«Сіздердің талқылауларыңызға ұсынылып отырған заң жобасы Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың 18 тамызында қабылдаған Жарлығына сәйкес енгізіліп отыр. Ондағы мақсат кезінде Жер реформасына байланысты қабылданған кейбір шешімдер қоғамның наразылығын тудыруына байланысты және одан туындаған проблемаларды қорытындылай келе мораторий жарияланды. Осы жылдың 30-шы маусымында тиісті заң қабылданды. Сол заңда мораторийдің мерзімі келер жылдың 31-ші желтоқсанына дейін белгіленген», - деді басшы.

Асқар Мырзахметовтың айтуынша, жер комиссиясында бұл мәселелер май шаммен қаралғандығын айтты.

«Жер мәселесіне қатысты проблемаларды Жер комиссиясы қараған кезде комиссиясының шешіміне сәйкес осы мәселелерді жүйелі түрде шешу қаралған. Осыған сәйкес бірінші кезекте ауыл шаруашылығы жерлерінің деректі қорын жасау қажеттігін, қолданыстағы нормаларға өзгерістер енгізу керектігі, ауыл шаруашылық жерлерінің кадастрлық құнын қайтадан қалыптастыру қажеттігі айтылған. Осыған сәйкес Жер комиссиясы Елбасыға ұсыныспен шықты. Ол ҚР Президенті тарапынан қолдау тапты. Мораторийдің мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанынан 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылып отыр. Сіздердің назарларыңызға ұсынылған заң жобасында бір-ақ қана мәселе қаралып отыр», - деді министр.


Осыдан кейін ҚР Парламетті Мәжісілінің жалпы отырысында депуттатар заң жобасына дауыс беріп, маңызды заң мақұлданды.

Дәурен ЕРБОЛАТ