06 там, 2020 сағат 09:05

Жер қазып жатқандар қола дәуіріне жататын құмыралар тапты – Павлодар облысы

Ғалымдардың айтуынша, ауыл тұрғындары тауып алған қыш құмыралар қола дәуіріне жатады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Железин ауданы Башмачное ауылында биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша су құбыры тартылуда. Ауыл әкімі Меруерт Молдағұлованың сөзінше, 29 шілде күні тұрғындар хабарласып, су құбыры тартылып жатқан учаскеде құмыра табылғаны жайлы айтқан.

- Жұмысшылармен сөйлескенімде бұл заттардың 1-3 метр тереңдіктен табылғанын айтты. 5-7 метр қашықтықта 5-6 данасы болған. Траншеяны бір рет қазғанда екеуі, екінші рет тағы екеуі анықталған. Кейбіреуі сынған күйде табылған. Жердің астынан алып шыққанда кейбіреуі үгіліп қалған. Қыш құмыраның әрбір бөлшегінде сурет бар. Сол суреттер бойынша жинап, 13-ін облыстық музейге тапсырамыз. Төртеуін археологтар алып кетті. Бұл - ыдыстардың бөлшектері. Ал бүтін құмыралар саны 4-5 дана, - деді Меруерт Молдағұлова.

Ауыл маңында ППУ «Margulan Centre», Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық музейінің Ertis музейі археологтар ғылыми тобы су құбырларын орнату кезінде табылған жәдігерлерді зерттеген.

Ғалымдардың айтуынша, бұл бірегей жәдігерлер облыс аумағында алғаш рет табылып отыр.