18 шіл, 2017 сағат 13:40

Жеңіс Қасымбек: Халыққа жеңілдетілген ипотека беріле бастады

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының бір бағыты ипотекалық несиенің мөлшерлемесін төмендетуге арналған. Ол үшін ипотекалық займдарды субсидиялау мақсатында бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Қазіргі кезде ол ақшаның 4,3 млрд теңгесі Қазақстанның ипотекалық компаниясына аударылды, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Бүгінде Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында xалыққа жеңілдетілген ипотека беріле бастады. Аталған бағдарламаға тағы жеті банк қатысуға дайын отыр. Соның ішінде төрт банк биыл 30 млрд теңгенің 2 мың займын береміз деп отыр. Дегенмен, екінші деңгейлі банктер әлі күнге дейін жеңілдетілген ипотеканы беруге асықпай отыр. Негізгі себеп - ұзақмерзімді теңге валютасының болмауы. Оған ипотека бойынша заңнаманың күшеюі де әсер етіп отыр», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Қазіргі кезде ипотекалық несиелерді субсидиялау бағдарламасына «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФ Банк» АҚ және «Сбербанк» АҚ қатысып, xалықтан өтініш қабылдауға кірісті. Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Bank RBK» АҚ, «Нұрбанк» АҚ пен «ВТБ Банкі» жылдың екінші жартысында аталған бағдарламаға қатысуды көздейді.

Министр Қасымбектің айтуынша, «Нұрлы жер»  бағдарламасы аясында ипотекалық несиенің мөлшерлемесін 17 проценттен 10 процентке дейін азайтуға мүмкіндік бар.

Айта кетейік, отырыс барысында министр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарты жылдың ішінде салынған баспананың санын жариялады.  Сондай-ақ, қай облыста жер учаскелерінің көптеп берілетінін жеткізді.