29 қар, 2016 сағат 09:04

Жемқорлық жайлаған жерде қоғам дамымайды

Жемқорлық, яғни коррупция сөзі латын тілінен аударғанда – «сатып алу» деген мағына береді. Бір кездері жай ғана тұтынушы мен саудагер арасындағы тауар айналымын білдіретін бұл сөз – қазіргі таңда мемлекеттік, тіпті әлемдік сипаттағы індетке айналған десек те болады.

Қазақстан халқы қазіргі таңда мүлде жаңа, бұрын-соңды болмаған нарықтық қоғамында өмір сүріп жатыр. Ал нарықтық экономиканың негізгі заңы – іскерлік. Бұл тұрғыда біздің жеткен жетістіктеріміз аз емес. Тәуелсіздік алған күнімізден бері қарқынды даму үстіндеміз. Бірақ, әлі күнге шешімін таппай келе жатқан сауалдардың бірі – жоғарыда айтқан жемқорлық мәселесі болып отыр. Бұл жағдай шырмауықша шырмалып, өскелең ұрпақтың алдын кес-кестеп келеді.

Жемқорлық – тек ұрпағымыздың ғана алдын бөгейтін құбылыс емес. Ұрпақ еліміздің ертеңі десек, сыбайлас жемқорлық – ертеңімізге апарар жолымызды қиындата түседі. Елбасымыздың «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады», - деп атап көрсетті. Осы сөзден-ақ төнер қауіптің қаншалықты екенін аңғару қиынға соға қоймас.

Демократиялы елдің ең үлкен жауы – жемқорлық десек, бұл жаумен қалай күресуге болады? Мамандардың айтуы бойынша ең бірінші қарапайым халықтың құқықтық сауаттылығын арттырған жөн. Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы өзінің құқығы бұзылған жерді біліп, өзін қорғай алуы керек. Және мұндай іс-әрекет орын алған жағдайда қандай амалдар қолдану керектігін жақсы білуі тиіс. Бұл шаралардың барлығы қазіргі таңда кең байтақ еліміздің түпкір-түпкірінде орындалып жатыр. Қарапайым халыққа өз құқықтары түсіндіріліп, жемқорлықтың түбі жақсылыққа апармайтынын еліміздің әр азаматының жастайынан санасына сіңіруде. Біз де өз кезегімізде бүгінгі егілген дәннің ертең өркен жайып өсетініне сенетініміздей, бұл шаралардың да нәтижесі болатынына сеніміміз кәміл.

Иә, біздің еліміздің бар түпкірінде жемқорлыққа қарсылықты өзінің азаматтық борышы санайтын ұлағатты ұрпақ өсіп келеді.

ҚР Ұлттық мұражайының баспасөз қызметкері

Досжан Ысқақов