26 сәу, 2024 сағат 12:41

Жайықтың суы әлі де көтеріліп жатыр - ТЖМ


Фото:atr.kz

Қазіргі уақытта су тасқынына байланысты елдегі ахуалдың жай-жапсарын баяндаған ҚР Төтенше Жағдайлар Министрлігі өкілі Асқар Шәріп Жайықтың суы әлі де көтеріліп жатқанын айтып отыр, -деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".


"Азаматтық қорғау қызметтерімен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою және халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жалғасуда. 
Батыс Қазақстан облысында жағдай тұрақталды.  Су басқан саяжай аумақтарына мониторинг жүргізу жалғасуда.  Төтенше жағдайлар  және полиция департаментінің қызметкерлері бірлесіп, су басқан аумақтарды патрульдеуде. 
Көмекке келген Ақтөбе, Түркістан облыстары төтенше жағдайлар департаменттерінің жеке құрамынан құрылған жиынтық топтардың күштері мен құралдары Жайық өзенінің бойында орналасқан елді мекендерде су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізу үшін Батыс Қазақстан облысынан Атырау облысына жіберілді", -деп отыр маман Орталық Коммуникациялар Қызметінде өткен брифингте .


Сонымен қатар Асқар Шәріп Атырау облысында Жайық өзенінің мониторингі жалғасып жатқанын, судың деңгейі көтерілгенін мәлімдеді.

"Су тасқынынан қорғау мақсатында Атырау қаласында  бөгеттерді нығайту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда ұзындығы 240 км қорғаныс бөгеттерін нығайту жүргізілді. Бұған дейін көмекке келген  күштер мен құралдар учаскелерге бөлініп, қажетті жұмыстарды атқаруда", -деп айтты ТЖМ өкілі.


Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 6 082 тұрғын үй мен 2 584 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. Республика бойынша 35 122 адам өз үйлеріне оралды. 8 520 адам эвакуациялау пункттерінде. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 25 мыңнан астам адам,  3 мың техника, 634 су сору құралы, 268 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылды.