19 қар, 2016 сағат 09:33

«Жасыл экономикаға» көшу жайы талқыланды

Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Қазақстан Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысы өтті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Отырыс барысында Қазақстан Респуб­ликасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасының Іс-шара жоспарын орындау бойынша жұмыс топтарының есептері тыңдалды. Энергетика министрі Қ.Бозым­баев, Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек және Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қ. Айтуғанов баяндама жасады.

Сондай-ақ, Астанада «жасыл» техноло­гиялар мен инвестициялық жобалардың Халық­аралық орталығын құру бойынша мәселе талқыланды. Тұжырымдамаға сәйкес, орта­лықтың негізгі міндеті Қазақстанның «жасыл экономикаға» тәжірибелік көшуіне жәрдем­десу, жаңартылатын энергия көздері және эко­логиялық таза технологиялар сияқты «жасыл экономика» салаларын дамытуға қажетті тұрақты негізді қалыптастыруға қолдау көрсету, сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Атап айтқанда, орталық «жасыл» технологиялар трансферті бойынша елдердің өзара іс-қимылын қамта­масыз етеді.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар тапсырма берді.

Еске салсақ, Қазақстан Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес Мемлекет басшысының Жарлығымен 2014 жылғы 26 мамырда құрылды. Кеңес төрағасы Премьер-Министр болып табылады. Кеңес Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасын жүзеге асыруға мониторинг жүргізу және бағалау, мониторинг жүргізу және бағалау негізінде сәйкес ұсынымдар жасау, «жасыл» және тұрақты даму қағидаларымен экономиканы жаңғыртуды қамтамасыз ететін тұжырымдаманы жүзеге асыру стратегиясын, тәсілін және тетіктерін анықтау мақсатында құрылған консультативтік-кеңесші орган болып табылады.