Еліміздің қойнауы байлыққа толы. Бірақ, ол мәңгілік емес. Күндердің күнінде көмір де, темір де, мұнай да, газ да таусылады. Жыл өткен сайын оларды өндіру де, тасымалдау да қиындай түсуде және қымбаттауда. Ал, әлемдегі өндірістердің көбеюі мен халық санының өсуі энергияға деген сұранысты еселей арттыра түсуде. Энергия өндіруде атмосфераны зиянды уландырғыш заттармен ластайтын – мұнай, газ, көмір және басқа да қорларды пайдалану қоршаған ортаны, планетамыздағы экологиялық жағдайды ушықтырып жіберуде. Бүгінде атмосфераның ең ірі ластаушыларына тау-кен саласы, жылу және электр энергетикасы, мұнай-газ кешені кәсіпорындарының стационарлық көздері жатады. Сондай-ақ, еліміздегі атмосфералық ауаның жай-күйіне автомобиль көлігі де келеңсіз әсерін тигізуде.
«КОРЭМ» АҚ (Электр энергиясы мен қуатының қазақстандық нарығының операторы) есебіне сүйенсек, бүгінгі таңда электр энергиясының өндірісі жалпы республика бойынша 67789,3 млн. кВт* сағат болды, оның ішінде:
жылу және газ-турбиналы электр станциялары үлесі – 56389,8 млн. кВт* сағат, бұл Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының барлық көлемінің 83 %-ы; газ-турбиналы, гидроэлектр станциялары, күн, жел энергия көздері – 11399,5 млн. кВт*сағат немесе 17%-ын құрайды.
Ал, тек жеке Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) өндіретін электр энергиясының көлемі небәрі 0,7 % ғана болып отыр. Жоғарыда айтылғандай, республикада электр энергиясының басым бөлігін жылу және газ-турбиналы электр станциялары өндіріп шығарады. Олар өндіріс процесінде көмірсутекті отынның орасан зор көлемін пайдаланады және жүз мыңдаған тонна қалдық ластағыш заттарды шығарып, қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіреді. Нәтижеде қоршаған ортада адамзатқа гендік деңгейде зиянын тигізетін және ұрпақты болу қабілетін жоққа шығаратын әлеуетті қаупі бар химиялық заттар жинақталады. Жүкті әйелдер мен жаңа туған балалар арасындағы ауруға шалдығудың өсу деңгейі осыны айғақтайды.
Ғалымдардың пікірінше, бүгінде құрылысы басталған қуаты 1320 МВт болатын «Балқаш ЖЭО салу» жобасын іске асыру қоршаған ортаға теріс әсерін тигізеді. Бұл жылу электр станциясы ашық тәсілмен өндірілетін Екібастұз көмірімен жұмыс істейтін болады. Жылу электр станциясы жұмыс істеуі үшін тәулігіне 186 вагон (немесе 4 состав) құрамында күлі 40 пайыздан асатын Екібастұз көмірін тасуға тура келеді. Күл үюге атшаптырым алаң бөлуді талап ететін, оны тазартуға заманауи технологиялардың пайдаланылуына қарамастан Екібастұз көмірін тасымалдау мен оның қалдықтары қоршаған ортаны ластау қаупін күшейтеді. Оның үстіне, станцияның жұмысы Балқаш көлінің су айдынындағы жылу алмасуға әсерін тигізіп, өңірдегі экологиялық ахуалды одан әрі нашарлата түседі.
Сайып келгенде, ХХІ ғасыр басында Қазақстан жалпы экологиялық және экономикалық жағдай шарттарының бұзылуының жаһандық проблемасымен және соның салдарынан әлеуметтік әл-ауқаттың нашарлау қаупімен бетпе-бет келді. Сондықтан да, бұл қордаланып қалған проблемаларды шешудің тиімді жолдарының бірі елімізді «жасыл экономикаға» көшіру болып табылады.
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық екенін, адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатқанын атап өтті. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы №577 Жарлығымен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы бекітілді.
Еліміздің «Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы үш кезеңмен жүзеге асырылады және 2050 жылға дейінгі уақытты қамтиды. «Қазақстан-2050» Стратегиясының жасыл экономикаға көшу бағытындағы тұжырымдамасының негізгі мақсаты:
су және жер ресурстарын қайта қалпына келтіру, табиғат капиталын пайдалану тиімділігі бойынша ЭЫДҰ елдерімен иық теңестіру;
2030 жылға қарай атмосфераға шығарылатын қалдықтар бойынша стандарттарды еуропалық деңгейге жеткізу;
2050 жылға қарай ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығының 50%-ға төмендеуіне қол жеткізу;
2050 жылға қарай энергияның балама және қайта қалпына келетін көздерінің жиынтық өнімділігінің үлесін 50%-ға дейін жеткізу;
тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды кәдеге жарататын индустрия құру;
тиімді инфрақұрылымы бар газ саласын құруды қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі Тұжырымдамаға сәйкес келтіру және Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «жасыл экономикаға» көшуі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
2013 жылдың желтоқсан айында Парламент Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесін ұйымдастыру мен өткізу мәселелері жөніндегі заңды қабылдады. Қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерге сай, көрме тақырыбының «Болашақтың энергиясы» аталуы өте орынды. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты жұртшылықтың назарын энергия ресурстарын ұтымды пайдалануға аудару және жаңартылатын энергия көздері мен энергияның басқа да баламалы көздерін пайдалануды ынталандыру болып табылады. Халықаралық көрме Қазақстан Республикасына жаңа технологияларды тартуға мүмкіндік береді, бұл технологиялар баламалы энергетиканы дамытуға, «жасыл» энергетиканы өркендетуде алдыңғы қатардағы елдермен тәжірибе алмасуға, климаттың өзгеруі мен көмірқышқыл газының шығарындыларына байланысты мәселелерді неғұрлым тиімді шешуге, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері тақырыбына бизнес-қоғамдастықтың назарын аударуға үлкен әсері болады.
Жаңартылатын энергия – таусылмайтын көздерден алынатын энергия. Жаңартылатын энергияны пайдаланудың негізгі қағидаты оны қоршаған ортада үнемі болып жататын процестерден алуға және оны өндірістік әрі тұрмыстық қажеттілікке пайдалануға саяды. Жаңартылатын энергия табиғи жолмен жаңарып тұратын табиғи ресурстардан алынады. Жаңартылатын энергия көздері деген ұғым энергияның мынадай нысандарын: күн энергиясын, геотермальды энергияны, жел энергиясын, теңіз толқынының, ағыстардың, судың толуының және мұхиттың энергиясын, биомасса энергиясын, гидроэнергияны, әлеуеті төмен жылу энергиясын және жаңартылатын энергияның басқа да «жаңа» түрлерін қамтиды.
Халықаралық энергетика агенттігінің есебі әлемде жаңартылатын энергия көздеріне жаһандық көшу өте белсенді жүргізіліп жатқанын көрсетеді, айталық «World Energy Outlook» 2015 баяндамасында 2014 жылы іске қосылатын әлемдік жаңа қуаттардың жартысына жуығы жаңартылатын энергия көздерінің қондырғыларына тиесілі деп атап өтілді. Соның нәтижесінде жаңартылатын энергия көздері қазірдің өзінде көлемі жағынан әлемде екінші электр энергиясының көзіне айналуда.
Кез келген мемлекеттің энергия балансында ЖЭК үлесін ұлғайту энергетикалық қауіпсіздіктің жақсаруына; ЖЭК жабдықтарын шығаратын ұлттық өнеркәсіпті дамытуға; парниктік газдар шығарындыларының төмендеуіне; қоршаған ортаның ластануын азайтуға; экономикалық және әлеуметтік жағдайды, әсіресе, шалғайдағы және алыс орналасқан өңірлердің жағдайын жақсартуға; техногендік апаттардың әлеуетті қаупінің болмауына оң әсерін тигізеді.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген елде дамудың «жасыл» жолы мемлекеттің мақсатты түрде қолдауы арқасында ғана тиімді жүзеге асады. Бұл жерде, меніңше, Еуроодақ мемлекеттері тәжірибесін жүйелі негізде зерттеп, басшылыққа алған жөн. Бұл бағытта әсіресе, Дания, Германия, Италия, Швеция, Финляндия елдері айтарлықтай жетістікке жетіп отыр.
Бүгінде Еуроодақта «жасыл экономика» секторы 2 трлн. еуроға жуық іскерлік айналымға ие және 22 млн. астам адамды немесе ЕО-ның еңбекке жарамды халқының 9%-ын жұмыспен қамтуда. Бұл елдерде «жасыл» секторға ауқымды мемлекеттік қолдау қарастырылған. «Жасыл» технологиялар нарығындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – Германия. Қазіргі кезде әлем бойынша патенттелетін бүкіл технологиялардың экология саласындағы 23%-ы және күн мен жел энергетикасы саласындағы 30%-дан астамы неміс компанияларына тиесілі.
«Жасыл» сектор кәсіпорындарында 2 млн-ға жуық адам немесе Германияның экономикалық белсенді бүкіл халқының 4,5%-ы жұмыс істейді және бұл көрсеткіш тұрақты өсуде. Соңғы жылдар ішінде, тек қайта қалпына келетін энергетика саласында ғана 370 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылған. Германияда энергетика негізгі және неғұрлым табысты жасыл сала болып табылады. Жасыл технологияларды ойдағыдай дамытудың арқасында Германия парниктік газдар эмиссиясының деңгейін төмендетуге айтарлықтай қол жеткізе алды. Мәселен, осы саладағы 2010 жылғы көрсеткіш 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 25 % төмен. Бұл ел 2040 жылға қарай 100% баламалы энергия көздеріне ауысуды мақсат етіп отыр. 2022 жылға қарай Германиядағы 17 ядролық реактордың барлығы жабылуға тиіс.
Электр және жылу энергиясын өндіру жөнінен швед тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Бұл ел, 2020 жылға карай көптеген үйлерді отынсыз режимге ауыстыруға ұмтылып отыр. Жаңартылатын энергия көздеріне ауысқанда үй иелеріне салықтық женілдіктер ұсынылады, сонымен қатар, автомобильдер үшін экологиялық таза түрлерін қолданатын жүргізушілерге қалалық автотұрақтарда тегін орындар беріліп, салық төлеуді азайту көзделуде.
Дания 2014 жылы елде өндірілетін электр энергиясының 39,1%-ын жел энергиясы есебінен алуға қол жеткізсе, 2020 жылға бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу міндетін қойып отыр. Дания ұзақ уақыт бойы жел энергиясын пайдаланудағы алғашқы қарлығаш болып келді. Бұл елде 1970-ші жылдардың ортасынан бастап жел қондырғылары орнатылып келеді. Данияның амбициялы мақсаты 2050 жылға қарай елдегі электр энергиясына деген қажеттілікті 100% ЖЭК есебінен жабуға қол жеткізу болып табылады. Ұлыбританияда 6,7 млн. астам үйді электр энергиясымен жабдықтау үшін жел қондырғылары пайдаланылады. Бұл елде желіге қосылған және дербес жел қондырғылары бүкіл электр энергиясының 9,3%-ға жуығын шығарады.
Көшбасшы елдердің көпшілігінде ЖЭК-ті жеделдетіп игеру белгілі бір мемлекеттік саяси, заңнамалық және тікелей қаржылық қолдау арқылы жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн. Электр генерациялаушы қондырғылар саласында ЖЭК-ті дамытуды ынталандырудың неғұрлым кең таралған нысаны тіркелген тарифтер болып табылады. Бұл ынталандырушы шаралардың мәні мынаған саяды: тіркелген тарифтер – ЖЭК-ке электр қондырғыларынан сатып алынатын электр энергиясына арнайы белгіленген және энергияны генерациялаудың рентабельділігін қамтамасыз ететін жоғарылатылған тарифтер. Олар бүгінде әлемнің 65 елінде қолданылады және электр қондырғыларының түрлері мен қуаты бойынша сараланады. Бұл тарифтер ұзақ мерзімге 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бекітіледі. Айталық, Германияда мұндай тарифтер алғаш рет 2000 жылы енгізілді және 2010 жылы түзетулермен осы уақытқа дейін қолданылып келеді. Фотоэлектр қондырғыларына арналған жабдықтардың дамығанын және арзандағанын ескерсек, осы уақыт аралығында тарифтер екі еседен аса төмендетіліп, СЭС-ке 1 кВт*сағат үшін 17-18 евро-центтен де азайды. Сондай-ақ, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, генерациялаушы жабдықты шығару технологияларының жетілдірілуіне байланысты ЖЭК енгізу барған сайын рентабельді бола түсуде. Мысалы, қуаты бірдей жаңа жылу электр станциясы (ЖЭС) мен жаңа жаңартылған энергия көздері (ЖЭК) объектісін салатын болсақ, өзін-өзі ақтау мерзімі өткен соң ЖЭК өндіретін энергия ЖЭС энергиясына қарағанда 500 есе арзан болады, өйткені, ЖЭК үшін отынның орасан зор көлемін сатып алудың, көлікке шығынданудың және қызметкерлердің қосымша штатын ұстаудың қажеті жоқ. Оның үстіне, мемлекет тарапынан ЖЭК-ке преференциялар 15 жыл мерзімге ғана беріледі, бұл кезең өткен соң ЖЭК бәсекелес ортаға шығады. Басқаша айтқанда, жаңартылатын энергия көздерінен алынатын электр энергиясы дәстүрлі станциялар үшін белгіленетін шекті тарифтер бойынша сатылатын болады.
ЖЭК жалпы қоғамға, экономикаға тиімді, пайдалы әрі келешегі зор болғанымен, бірқатар елдерде халық тарапынан да, бизнес тарапынан да әрдайым қолдау таба бермейтінін атап өткен жөн. ЖЭК-ті дамыту туралы Үкіметтер қабылдайтын саяси шешімдер энергетикалық компаниялар тарапынан көбінесе қарсылық туындатып жатады. Өйткені, олар электр желілеріне заңнамада көрсетілген міндеттерге сәйкес ЖЭК өндіріп шығарған «қымбат» электр энергиясын қабылдауға байланысты неғұрлым үнемді электр станцияларында энергия өндіруді қысқартуға, ал кейбір жағдайларда оларды мүлдем жабуға мәжбүр болады.
ЖЭК дамыту жөніндегі бағдарламаны іске асыру, сайып келгенде, тұтынушылар үшін электр энергиясының тарифтерін жоғарылатуға алып келеді. Бұл да белгілі бір қарсылық туындатпай қоймайды. Айталық, ЖЭК мейлінше қарқынды дамып келе жатқан Германияда электр желілеріндегі неміс операторларының «German transmission system operators (TSOs)» есептік деректері бойынша 2012 жылы энергия тұтынушылар үшін 14,1 млрд. еуро көлемінде қосымша қаржылық жүктеме түсті, бұл электр энергиясының тарифін 3,53 еуро-цента/кВт*сағат ұлғайтуға әкеп соқтырды. Орта есеппен жылына 3500 кВт*сағат тұтынатын 3 адамнан тұратын отбасы үшін ЖЭК дамыту жөніндегі ұлттық бағдарламаға байланысты қосымша төлемдер жылына 124 еуроға жуықтады немесе айына шамамен 10 еуроны құрады. Алайда, ЖЭК енгізу және дамыту жағынан алда келе жатқан елдерде халықтың басым бөлігі туған елінің экологиясы үшін өздерінің азаматтық ұстанымын жоғары қойып, «жасыл» энергетиканы ынталандыру тетіктеріне қолдау көрсетіп келеді.
Біздің еліміз жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қолайлы жағдайлары бар елдердің бірі болып табылады. Республикада баламалы энергия алу үшін қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуі тұрғысынан жел, күн және гидроэнергетикалық энергияның ең қолайлы көздері бар. Қазақстанның теориялық жел әлеуеті жылына 1820 млрд. кВт*сағатқа жуық, гидроэнергетиканың әлеуеті жылына 30 млрд. кВт* сағат, ал күн энергетикасының әлеуеті – жылына 2,5 млрд. кВт* сағат деп бағаланған. Қазақстанда ЖЭК секторын дамыту «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» ҚР Заңы (бұдан әрі – Заң) қабылданған соң басталды. Бұл Заңда: «Жаңартылатын энергия көздерi – табиғи жаратылыс процестерi есебiнен үздiксiз жаңартылатын энергия көздерi, олар мынадай түрлерді қамтиды: күн сәулесiнiң энергиясы, жел энергиясы, гидродинамикалық су энергиясы; геотермальдық энергия: топырақтың, жерасты суларының, өзендердiң, су айдындарының жылуы, сондай-ақ, бастапқы энергия ресурстарының антропогендiк көздерi: биомасса, биогаз және электр және (немесе) жылу энергиясын өндiру үшiн пайдаланылатын органикалық қалдықтардан алынатын өзге де отын» деп атап өтілген.
Қабылданған Заңда және заңға тәуелді актілерде мемлекет тарапынан қолдау тетіктерінің, сондай-ақ уақтылы енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың арқасында елімізде экономиканың жаңа секторы пайда болды.
Бүгінгі таңда еліміздегі заңнамалық база ЖЭК жобаларын мемлекеттік қолдаудың мынадай тетіктерін пайдалануға мүмкіндік береді:
Тұтынушылар бағасының индексін жыл сайын индекстей отырып, 15 жылға тіркелген тарифтер;
ЖЭК объектілері үшін жерді резервке қою және басымдықпен беру;
Энергия беруші желілерге міндетті түрде қосылу;
Электр энергиясын басымдықпен беру;
ЖЭК қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы (бұдан әрі – ЕҚО) тарапынан электр энергиясын міндетті түрде сатып алу;
ЖЭК-ті электр энергиясын желілерге беру үшін төленетін төлемақыдан босату;
ЖЭК-тің ауытқуларын қаржылық реттеуді ЕҚО жүзеге асырады.
Жоғарыда көрсетілгендей, әлемде ЖЭК-ті дамытуды ынталандырудың ең тиімді тәсілі тіркелген тарифтер болып табылады, сондықтан ҚР Үкіметі энергияның «жасыл» көздерін дамытуда дұрыс жол таңдап алды деп айтуға болады. Айталық, инвестициялар тарту және осы секторды дамыту мақсатында ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 12 маусымдағы № 645 қаулысымен ЖЭК негізіндегі электр станциялары үшін инфляцияға жыл сайын индекстеу мүмкіндігімен 15 жыл мерзімге мынадай тіркелген тарифтер (қосымша құн салығынсыз) бекітілді: жел – 22,68 теңге/кВт.сағ., күн – 34,61 теңге/кВт.сағ., шағын ГЭС – 16,71 теңге/кВт.сағ., биогаз қондырғылары – 32,23 теңге/кВт.сағ. Бұдан басқа, Заңға сәйкес, «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС құрылды. Бұл Заңда көзделген тәртіппен жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілер өндірген және Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр желілеріне жеткізілген электр энергиясын толық көлемде орталықтандырылған түрде сатып алуды жүзеге асыратын «KEGOC» АҚ-ның 100% еншілес кәсіпорны. Яғни, қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес қажетті талаптардың бәрін орындап, ЖЭК электр станциясына өз қаражатын салуға ниет білдірген инвестор есеп айырысу қаржы орталығымен (ЕҚО) ЖЭК-тен алынатын электр энергиясын 15 жылға тіркелген тариф бойынша сатып алу-сату шартын жасасуға құқылы.
Бүгінде республикада күн энергетикасын пайдалану бағытында өнеркәсіптің жаңа саласы құрылуда. Күн энергиясын игеру мақсатына барлық технологиялық циклға керекті шикізаттар мен жабдықтар өзімізде шығарыла бастады. Атап айтқанда, Астана қаласында үш жылдан бері халықаралық стандарттарға сәйкес келетін фотоэлектрлі модульдер шығаратын «Astana Solar» ЖШС жұмыс істеп тұр. Зауытқа керекті кремний Алматы облысы Үштөбе қаласында өндіріліп, ол Өскемен қаласына жіберіледі. Өскеменде кремний түрлі қоспаларды тазарту арқылы өңделіп, содан фотоэлектр пластинкалары мен күн ұяшықтары дайындалады. Кейін олар Астанаға жеткізіліп, соңғы кезеңде дайын өнімі – күн модульдері дайындалады. Ал, жаңа өнімдерге шикізатты түгелдей Қазақстан кремнийінен алады. Зауыттың өнімі барлық облыстарға кең тараған. Іске қосылғанына аз уақыт өтсе де, зауыт өнімдеріне сұраныс артуда. Зауытта шығарылған батарея 25 жылға дейін жұмыс істейді. «Astana Solar» жауапкершілігі шектеулі серіктестік 2017 жылы болатын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысып, өз жобаларын көрсетуді мақсат етеді. Сонымен қатар, олар өз өнімдерін шет елдерге шығаруды да жоспарлап отыр. Аталған өндіріс орындарында мыңға жуық жоғары, білікті инженер-техник қызметкерлер мен жұмысшылар істейді. Күн, жел энергиясымен пайдалану, әсіресе, электр желілерінен шалғайда жатқан аймақтар, алыс мал жайылымдары мен бригадалық стандар үшін, шаруа қожалықтары үшін таптырмас дүние.
Соңғы кездері республикада ЖЭК-ті пайдалану бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл ретте Жамбыл облысы көш бастап келеді. Облыста 2010 жылы барлық ЖЭК нысандарының орнатылған қуаттылығы 1,5-2 МВт-ты құраған болса, қазіргі таңда, жалпы қуаттылығы 88 МВт болатын 8 ЖЭК (СуЭС-4, КүнЭС-2, ЖелЭС-2) нысандары пайдалануға берілді. Барлық ЖЭК нысандар электр желілеріне қосылған және электр энергиясын бірыңғай энергетикалық жүйеге тасымалдайды.
2015 жылдың шілде айында «СПК «Тараз» АҚ Британдық «United Green» компаниясы және «Самұрық Қазына Инвест» ЖШС-мен бірлесіп алғашқы пилоттық «Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы қуаттылығы 50 МВт күн электр станциясының құрылысы» жобасын пайдалануға берді. Бұл жоба Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында ашылды. Аталған нысан Орталық Азия бойынша ең ірі күн электр станциясы болып табылады. Мұнда 192 мың энергия өндіретін күн панельдері қолданылған. Бүгінде нысанда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Британдық «United Green» инвестор компаниясы жыл соңына дейін станцияның қуатын 100 мегаватқа дейін арттыруды жоспарлауда. Бұл өз кезегінде 30 000 үйді жарықпен қамтамасыз етуге жеткілікті. Сонымен қатар, 2015 жылдың соңында «Қордай ЖелЭС-ның» қуаттылығы 21 МВт дейін артып, қалған 10 МВт-ы іске қосылды. Облыста 2020 жылға дейін қуаттылығы 841 МВт құрайтын кіші ГЭС, күн, жел энергиясы жобаларын іске асыру көзделіп отыр.
Республикадағы энергия барынша тапшы өңiр – Оңтүстiк Қазақстан облысы. Бұл өңір тұтынатын энергия мөлшерiнiң 60 пайыздан астамын өзге облыстардан тасымалдауда. Сондықтан тариф жоғары. Бұл қарапайым тұтынушыларға да, шағын және орта бизнес өкiлдерiне де ауыртпалық түсiрiп отыр. Өз кезегінде, Оңтүстiк Қазақтан облысы республикадағы баламалы энергия көздерi (жел, күн, кiшi гидроэнергия) бойынша ең әлеуеттi өңiр болып есептеледі. Осыған байланысты, облыста баламалы энергия көздерiн дамыту бағытында 28 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олар жалпы қуаты 24,8 МВт болатын 9 шағын су электр станциясы, 310 МВт болатын 5 жел электр станциясы, 469 МВт болатын 14 күн электр станциялары. 2014-2015 жылдары 3 жоба iске асырылды. Атап айтқанда, «Келесгидрострой» ЖШС-нiң қуаты 2 МВт болатын «Рысжан» шағын су, «Ақсу-энерго» ЖШС-нiң жалпы қуаты 2 МВт болатын күннен қуат алатын 2 электр станциялары iске қосылды. 2016 жылы тағы 3 жобаны, 2017 жылы 7 жобаны iске асыру жоспарлануда. Олар – 1 шағын су электр станциясы, 2 жел электр станциясы және 4 күн көзiнен қуат алатын электр станциялары. Жел энергетика саласында қуаттылығы 90 МВт құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда. Күн энергетика саласында жалпы қуаттылығы 349 МВт құрайтын 12 жоба жүзеге асырылуда. Ал, Сайрам ауданындағы «Ақбай Шымкент» және Шымкент қаласындағы күн электр станциялары iске қосылып, қызмет көрсетуде. Осы облыстың Отырар ауданының Көксарай елдi мекенiнде немiс инвесторларының қатысуымен «Промондис Қазақстан» ЖШС қуаттылығы 35 МВт құрайтын күн электростанциясы құрылысын жүргiзуде. Сондай-ақ, «Промондис Қазақстан» ЖШС қатысуымен 2015-2017 жылдары Бәйдібек ауданында қуаты 10 МВт, Сайрам ауданында қуаты 30 МВт, Отырар ауданында қуаты 35 МВт Күн электр станциясын салып бітіру жоспарлануда. Сонымен бірге, 2015 жылы Ақмола облысы Ерейментау ауданында қуаты 45 МВт алғашқы өнеркәсіптік жел электр станциясы пайдалануға берілді, келешекте оның қуатын 300 МВт-ға дейін кеңейту жоспарлануда.
ҚР Энергетика министрлігінің деректері бойынша, 2015 жылдың екінші тоқсанында ЖЭК объектілерінің белгіленген қуаты 235,69 МВт болды, оның ішінде жел электр станциялары – 61,75 МВт, шағын ГЭС – 117,58 МВт, күн электр станциялары – 55,51 МВт және биоэлектр станциялары – 0,85 МВт. Еліміздегі электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардан алынатын электр энергиясын өндірудің үлесі небәрі 0,78%. ЖЭК объектілерінің электр энергиясын өндіру 2015 жылдың төртінші тоқсанында өткен жылдың тиісті уақытысымен салыстырғанда – 20,1%-ға артты. Осылайша заңнамалық тұрғыдан қабылданған шаралар елімізде ЖЭК секторын дамытуға белгілі бір дәрежеде түрткі болып, бізді экологиялық мәселелерді шешуге баса назар аударатын дамыған елдерге жақындата түсті, сондай-ақ секторды тікелей шетелдік инвестициялар үшін тартымды етуге мүмкіндік берді деген қорытынды жасауға болар еді. Бұл іс жүзінде де солай. Өкінішке қарай, ЖЭК үшін мұндай қолайлы инвестициялық климат соңғы кездері дағдарысқа байланысты тоқырауға ұшырады. Атап айтқанда, республиканың ақша-кредит саясаты өзгерген соң ЖЭК секторы тығырыққа тіреліп, толықтай тұралап қалды, ал 2014 және 2015 жылдары пайдалануға берілген объектілер банкроттық шегінде тұр. Мұның басты себебі негізгі жабдықтардың (күн панельдері, инверторлар, трансформаторлар, жел қондырғылары, гидрогенераторлар) теңгемен баламадағы құнының өсуі. Бұл жабдықтар шет елдерден сатып алынады және ЖЭК жобаларының күрделі шығындарының 95% құрайды. Бұл жағдай бүгінгі күні доллар баламасындағы тіркелген тарифтің 2 есе төмендегенімен шиеленісе түсті. Бұл тариф СЭС тіркелген тарифтер бекітілген кезде бір АҚШ долларының бағамы 183,51 теңге болғанда, 18,86 цент болса, бүгінде 1 АҚШ долларының бағамы 360 теңгеге өскеннен соң 9,6 центке төмендеді. Қалыптасып отырған жағдай ЖЭК жобаларын іске асыруды қиындатып жіберді. Мұның себебі, жобалар рентабельді болмай әрі экономикалық тұрғыдан орынсыз, тиімсіз, ал іске асырылған жобалар бойынша операциялық және қаржылық шығындардың басым бөлігі шетелдік валютамен көрсетілуіне байланысты жұмыс істеп тұрған станциялар дефолт деңгейінде тұр, оның үстіне елімізде теңгемен ұзақ мерзімді (10 жылдан астам) қаржыландыру бүгінгі күні мүлдем жоқ. Осы жағдайда өзгерту және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында ЖЭК-ті дамытуды жалғастыру, Қазақстанның «парниктік газдарды» қысқарту жөніндегі міндеттемесін орындау және EXPO-2017 халықаралық көрмесіне дайындалу үшін 2016 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қабылдады (бұдан әрі – Заң).
Қабылданған Заңның мақсаты – қолданыстағы заңнаманы Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес келтіруге бағытталған, онда Қазақстан халқының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыру және елдің әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруі арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктеме мен табиғи ресурстардың тозуын барынша азайта отырып, жаңа тұрпаттағы экономикаға көшу мақсатында терең жүйелі жаңартулар айқындалды. Қабылданған заңдағы тіркелген тарифтер бөлігіне өзгерістер, атап айтқанда, тіркелген тарифтерді инфляцияға индекстеп қана қоймай, қаржыландыру құрылымына және экономикалық негізділігіне байланысты ұлттық валютаның шетелдік валюталарға қатысты айырбас бағамының өзгеруін ескере отырып, ішінара индекстеуді де көздейді.
Заңға енгізілген түзетулер жаңартылатын энергия көздерін инвесторлар үшін тартымды етіп, 2020 жылға қарай Қазақстан Республикасында өндіріп шығарылатын электр энергиясының жалпы көлеміндегі ЖЭК-тің үлесін 3%-ға жеткізу жөніндегі бекітілген нысаналы көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік береді, мұның өзі «жасыл» электр станцияларының белгіленген қуатын 2 000 МВт жуықтатады. Сарапшылардың пікірі бойынша ЖЭК секторы таяудағы жылдары ел экономикасына $4 млрд. АҚШ долларына дейін инвестициялар әкелмек. Жобалар жүзеге асырылған жағдайда бюджетке кемінде 20 млрд. теңге және жыл сайын электр станциялары пайдаланылған жағдайда 3 млрд. теңгеден астам салықтық түсімдер түспек, 15 мыңға жуық уақытша жұмыс орындары, 3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орындары құрылмақ, оның үстіне СО2 баламада жыл сайын 2 млн. тоннаға жуық мөлшерде «парниктік газдар» шығарындыларын қысқартуға мүмкіндік туады. Салықтық түсімдер, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының ашылуы Қазақстан Республикасының өңірлеріне, оның ішінде депрессивті және дамуы нашар аудандар мен қалаларға оң ықпалын тигізеді.
Жалпы, енгізілген өзгерістер жаңартылатын энергия көздерін пайдаланушы энергия өндіруші компанияларды қолдауға, экологиялық таза көлік құралдары өндірісін ынталандыруға, сонымен қатар, су ресурстарының бөлінісі арқылы қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, қоршаған ортаны қорғау саласындағы проблемалы салаларды жетілдіруге және реттеуге бағытталған. Бұл, сәйкесінше, экономиканың түрлі салаларының дамуына оң әсерін тигізеді. Экологиялық көрсеткіштерді жақсарту, сайып келгенде, Бүкіләлемдік экономикалық форуммен әзірленетін тұрақтылыққа бейімделген ғаламның бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша барлық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі ұстанымдарын бекітуге ықпал ететін болады.
«Қазақстан-2050» стратегиясында белгіленген мақсаттарға сәйкес елімізде 2050 жылға қарай энергия тұтынудың 50% энергияның боламалы және жаңғыртылған түрлерінен алу жоспарлануда. Елімізде жаңартылған энергия көздерін дамытуға жасыл жолдарына көшуіне Парламент қабылдаған Заңмен, Астанадағы «Болашақ – энергия» ЭКСПО – 2017 көрмесінің өтуі сөзсіз қуатты серпіліс береді.
Энергия тұтыну – адамзат тіршілігінің міндетті шартына айналды. Оны қамтамасыз етуде экологиялық таза энергия өндіру заман талабы. Сондықтан да, қанша қиыншылықтар кездессе де, оларды жеңіп, жаңартылған энергия көздерін дамытуға барынша атсалысқанымыз абзал.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
Парламент Сенатының депутаты