Елімізде жастар саясатына қатысты мәселелермен айналысатын 6 комитет құрылды. Бұл туралы Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгін Жастар саясаты жөніндегі кеңестің елордада тұратын мүшелерімен кездестім. Сондай-ақ, ZOOM арқылы шетелде тұрып жатқан әріптестермен әңгімелесіп, өзекті мәселелерді талқыладық. Кеңестің жаңа құрамы жуырда жасақталғанына қарамастан, біраз жұмысқа кірісіп кеттік.
Жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін біз жастар саясаты саласының маңызды бағыттары бойынша 6 комитет құрдық. Атап айтқанда, білім беру және ғылым; медиа, креативтілік және өнер; экология; мүмкіндігі шектеулі жастар; гендер мәселелері, тұрғын үй, жұмыспен қамту және басқа да мәселелер комитеттері құрылды», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Мемлекеттік хатшының айтуынша, комитет мүшелері сәуір-маусым айларында мемлекеттік орган басшыларымен кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
«Кеңес мүшелері заң шығару жұмысына атсалыса бастады. Кеңестің 15 мүшесі «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының құрамына кірді.
Сондай-ақ, олар волонтерлік қызмет, қайырымдылық, үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар және гранттар туралы заң жобалары бойынша жұмыс топтарына қатысуда.
Бұдан бөлек, Кеңес мүшелері кибербуллинг туралы заң жобасының қоғамда қызу пікірталас тудырған нормаларын пысықтап, өзгертуге атсалысты. Бүгін Мәжіліс депутаттары осы заң жобасына Сенат енгізген түзетулерді мақұлдады.
Кеңестің алдағы жұмысы да өте қауырт. Оның мүшелерін жастарға қатысты маңызды бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге жұмылдыру жоспарланып отыр», - дейді Қарин.