03 шіл, 2019 сағат 12:50

Жастар кәсіпкерлігі жұмыссыздықты жоюға септігін тигізеді

Жастар кәсіпкерлігі жұмыссыздықты жоюға септігін тигізеді. Мұндай пікірді бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыспен қамтамасыз ету біздің негізгі міндетіміз саналады. Біз мәліметтер базасын ықпалдастырдық. Естеріңізде болса, барлық студенттерден жұмысқа орналасқаны туралы анықтама сұралатын. Бұл жалған еді. Енді бұл жалған емес. Екі мәліметтер базасы ықпалдастырылған және біз әлеуметтік төлемдерге сәйкес оның жұмысқа орналасқанын не орналаспағандығын көріп отырамыз. Барлық түлектердің 63 пайызы жұмыс істейді. Алдағы уақытта мұның  арта түсеріне үміттеніп отырмыз», - деді ол.

Жұлдыз Омарбекованың атап өтуінше, Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі өте төмен.

«Қазақстанда жұмыссыздық жоқ дегенде көпшілігі  «мен ше, жұмссыз жүрмін ғой» деп күледі. Негізінде Қазақстанда жұмыссыздық жоқ. Яғни, Алматы нарығында бар мамандықтардың өзінде жастар арасындағы жұмыссыздық 6,4 пайызды құрайды. Алайда,  ол жерде 12 мың бос жұмыс орны тіркелсе, жұмыссыз ретінде тіркелгендердің саны 11 мың адамға жетіп отыр. Демек бос жұмыс орны жұмыссыздардан көп деген сөз және бұл басты проблема болып тұр. Еңбек нарығы ұсынатын жұмыстардың жалақысы төмен болғандықтар оған жастар бармайды. Проблеманы шешу кілті - бұл жастар кәсіпкерлігі», - деді вице-министр.

Осы орайда ол 2019 жылы өз бинесін бастауға берілетін гранттардың саны артқандығын айтты.

«Бұл - жас ғалымдарға арналған ғылыми гранттар, сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан әрбір азаматтың өз ісін ашуы үшін кәсіпкерлік саласына бөлінетін гранттар. Сонымен қатар белсенді жастарға биыл Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы аясында шамамен 2 млрд теңге бөлініп отыр. Сондықтан жастарды барлық мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырамын», - деді Ж.Омарбекова.