* 2 маусымда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Байқоңыр» ғарыш кешенінің 50 жылдық мерейтойына байланысты ұйымдастырылған мерекелік шараларға қатысу үшін арнайы сапармен Байқоңыр қаласында болды. Шара барысында Елбасы Ресей Президенті В.Путинмен бірге «Байқоңыр» ғарыш кешенінің жұмысымен танысты. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 3 маусым күнгі нөмірінде «Байқоңыр – достық дәнекері» тақырыбында мақала жарияланды.
* 6 маусымда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға жеке сапармен келген Абу-Дабидің мұрагер бекзадасы Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянды қабылдады. Әңгіме барысында тараптар араб бизнес құрылымдарының Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыруға қатысуы мәселелерін қозғады. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев БАӘ Президенті Шейх Халиф бен Заид Әл Нахаянға ыстық ықыласты тілектестігін айтып, Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
* 8 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде дипломатиялық корпустың бес жылдық жұмысын қорытып, жаңа міндеттерін белгіледі.
* 9 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» кітабының тұсаукесері өтті.
* 17 маусымда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағандыда Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 13-ші отырысына қатысты.
* 21 маусымда Мәскеуде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ЕурАзЭҚ қатысушы мемлекеттер басшыларының Мемлекетаралық кеңесінің отырысы өтті.
* 24 маусымда Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мемлекеттер басшылары деңгейіндегі кезекті отырысы болды. Оның жұмысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
* 3 шілдеде Қазақстанға ресми сапармен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао келді. Қонақты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Екіжақты келіссөздер нәтижесінде сегіз құжатқа қол қойылды. Олардың арасында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының стратегиялық әріптестігін қалыптастыру және дамыту жөніндегі бірлескен декларация да бар. Бұл тарихи маңызды құжатқа Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзиньтао қол қойды.
* 5 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің 10-шы отырысы өтті. Отырыс барысында Пәкстанға, Иранға және Үндістанға ШЫҰ жанындағы бақылаушы мәртебесі берілді.
* 7 шілдеде Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен отын-энергетика кешеніне қатысты екіжақты келісімдерге қол қойылды.
* 8 шілдеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Заңға қол қойды.
* 13 тамызда Елбасы Алматы облысындағы Қарасаз өңірінде өткен Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойына қатысты.
* 26 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазан қаласының 1000 жылдығына орайластырылған ТМД мемлекеттері басшыларының саммитіне және халқымыздың рухани өмірінде зор рөл атқаратын шаһардың мерейтойына қатысу үшін Татарстан Республикасына барды.
* 27 қыркүйекте Душанбеде Орталық Азия ынтымақтастығы ұйымына қатысушы мемлекеттер Премьер-министрлері кеңесінің бірінші отырысы өтті.
* 28-29 қыркүйек күндері Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайы болып өтті. Әлемнің 32 елінен келген қандастарымыз тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қол жеткізген толағай табыстарға қанығып, жаңа елордамыз – Астананың өсіп-өркендеген келбетін көрді. Құрылтай делегаттары дүние жүзіне шашырап кеткен қазақтардың мәселелерін жан-жақты талқылап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың толғақты ойлар мен толғанысқа толы сөзін тыңдады. ІІІ құрылтай әлем қазақтары бірлесуінің жаңа бір белесі болып қалды.«Егемен Қазақстан» газетінің 30 қыркүйектегі нөмірінде Елбасының ІІІ құрылтайда сөйлеген сөзі «Қазақстан қазір әлем санасатын, әлем сыйлайтын елге айналды» тақырыбымен жарық көрді.
* 2 қазанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Грузияға ресми сапармен барды. Сапар барысында Елбасы Грузия Президенті М.Саакашвилимен және Грузия Парламентінің төрайымы Н.Бурджанадземен кездесті.
* 6 қазанда Санкт-Петербургте Орталық Азия ынтымақтастығы ұйымына қатысушы мемлекеттер басшыларының саммиті болды. Жиында аталған ұйымды ЕурАзЭҚ-пен біріктіру туралы шешім қабылданды. Шараға Президент Н.Ә.Назарбаев қатысты.
* 13 қазанда Астанаға Қырғызстанның Премьер-министрі Ф.Кулов жұмыс сапарымен келді. Ол Президент Н.Ә.Назарбаевпен, Премьер-министр Д.Ахметовпен, Парламент Сенатының Төрағасы Н.Әбіқаевпен кездесті.
* 22 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын беру туралы» Жарлыққа қол қойды.
* 8 қарашада Қазақстанға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Иордания Королі Абдалла ІІ бен Хусейн келді. Мемлекеттер басшыларының келіссөздерінен кейін бірқатар келісімдерге қол қойылды.
* 17-18 қараша күндері Президент Н.Ә.Назарбаевтың Украинада ресми сапары өтті. Сапар барысында Елбасы Украина Президенті В.Ющенкомен кездесті.
* 2 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартты ратификациялау туралы» Заңға қол қойды. Қазақстан және Ресей Президенттері Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасын делимитациялау туралы шартты бекіту туралы заңдарға қол қойды.
* 4 желтоқсанда Қазақстан президенттігіне үміткерлердің сайлауы өтті. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев айқын басымдықпен жеңіске жетті.
* 15 желтоқсанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел Тәуелсіздігінің 14 жылдығына орай қабылдау жасады. Оған Парламент депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың жетекшілері, мәдениет және өнер қайраткерлері, білім және ғылым саласының танымал өкілдері қатысты.