Жамбыл облысындағы жарылыс болған оқ-дәрі қоймасының орнында тарс еткен дыбыс естілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
«26 тамыз күні өртенген инженерлік оқ-дәрі қоймасының аумағында бүгін, 29 тамыз күні 12:20 шамасында тарс еткен жалын орын алды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ, оқиға орнында ешкім болмаған. Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр», делінген ресми түсініктеме.
Айта кетейік, қайғылы оқиға 26 тамыз кешкі жетілер шамасында болды. Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери бөлім қоймаларының бірінде өрт шығып, артынша оннан астам жарылыс болды. Белгілі болғандай, қоймада инженерлік оқ-дәрі сақталған. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, өрт тротил сақталған қоймадан басталған.
Соңғы мәлімет бойынша оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан 13 адам қаза тапты. Олардың арасында әскери қызметшілер, өрт сөндірушілер, құтқарушылар, әскери прокурор бар. Тағы үш адам іздестіріліп жатыр.
Бүгін, 29 тамыз Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысында әскери қоймадағы жарылыстан қаза тапқан азаматтарды мемлекеттік наградамен марапаттады.