06 там, 2020 сағат 07:15

Жаркенттегі жағымсыз иістің неден шыққанын анықтау үшін арнайы комиссия жолға шықты

Экология министрлігінің арнайы комиссиясы Жаркентке аттанып кетті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, жергілікті тұрғындар зауыттың тазарту қондырғыларынан ауаға тарайтын жағымсыз иіске бірнеше рет шағымданған.

«Біз қоқыс жиналатын сүзу алаңдарын аралаған кезде, онда ластаушы заттардың жиналып қалғанын байқадық. Одан кейін жергілікті қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, зауытты араладық. Бар мәселе оның қалалық, коммуналдық тазарту қызметіне сеніп, жеке қоқыс тазарту құрылғысынсыз жобаланғанында болып отыр. Ал 2018 жылы қалалық коллектор ластаушы заттардың көптігінен, бұл істен бас тартқан. Коллектор мұндай көлемге қызмет көрсете алмайтын еді. Сондықтан компания коллекторын салғанымен, қалдықты тазартпай, тікелей, сүзу алаңына құбыр арқылы жіберіп отырған», - дейді ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов.

Нәтижесінде жүгері өңдеуден қалған қалдықтың көп бөлігі сүзу алаңына жиналып, быжып, бүлінген иіс шығара бастаған. Сөйтіп, күкіртсутек шығарындысы пайда болып, жергілікті тұрғындар бұдан зардап шегуде.

Экология министрлігі жүргізген тексеру барысында кәсіпорынның тиісті экологиялық сараптамасыз жұмыс істегені белгілі болды. Сол үшін оған кәсіпорынға айыппұл салынды.

Сонымен қатар, Экология министрлігі кәсіпорынды жақын арада толықтай тексеріп шығу туралы шешім қабылдап отыр. Шығарынды деңгейінің шамадан асуы расталса, онда шығарынды төгуге тыйым салудан бастап, кәіпорынды жабуға дейін мәселе қойылады.

Бұдан басқа, министрлік кәсіпорын шығарындысы төгілген сүзу алаңын қалпына келтіруді талап етуде.

Ал компания тазарту құрылыстарының салынып жатқанын айтып, оны тамыз айында іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлады. Кәсіпорын өндірісті өз еркімен әзірге тоқтата тұрады.

Өз кезегінде, Экология министрлігі кәсіпорынға жергілікті әкімдікпен бірлесіп, тазарту нысандарының құрылысын жүргізіп, аяқтау, одан әрі міндетті түрде сүзілген шығарындыны ғана тастау, сүзу алаңын қалпына келтіру жөніндегі жол картасын әзірлеу туралы ұсыныс айтты. Қабылданған шаралар туралы кейін толығырақ хабарланады.