25 сәу, 2022 сағат 17:40

Жаппай ереуілде ұрлықпен ұсталғандардың көпшілігі жастар болды


Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде келген залалды өтеген күдіктілер қамаудан босатылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тергеу материалдары мен нәтижесін талдау кезінде бөтен мүлікті ұрлағаны үшін ұсталғандардың көпшілігі алғаш рет заң бұзған жастар екендігі анықталды. Мұндай адамдарға тергеушілер олардың жеке басын және оң мінездемесін ескере отырып, бас бостандығынан айырудан бөлек шара қолданады. Қазіргі кезде осы негіз бойынша және келген залалды өтеген 326 күдікті қамаудан босатылды», - деді Санжар Әділов орталық коммуникациялар қызметінде. 

Қазіргі уақытта ішкі істер органы тергеушілерінің қарауындағы қылмыстық істер бойынша 155 адам қамауда отыр.

Оның барлығы ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген.

Спикердің айтуынша, тәртіпсіздік кезінде Алматы облысының тұрғыны «Технодом» сауда үйінен құны 1 млн теңгеден асатын 2 теледидар, шаңсорғыш және қар жинайтын машинаны ұрлаған. 

Асырауында кәмелетке толмаған 2 баласы бар екенін және залалдың өтелгенін ескере отырып, тергеу сатысында күдіктінің бұлтартпау шарасы қамаудан үйқамаққа өзгерді. 

Сондай-ақ, сот жеке мінездемесін, жасаған ісіне толық өкініп, келген залалды өтегенін ескере отырып, оның бас бостандығын 2,5 жылға шектеді.

«Тағы бір оқиғаға тоқталсақ, биылғы 5 және 6 қаңтарда Талдықорған қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы облысының үш тумасы «Фора» дүкенінен құны 1 млн теңгеден асатын 8 ұялы телефон ұрлаған. Тергеу барысында бұрын сотталмаған екі күдікті залалды өтегеннен кейін бұлтартпау шарасы үйқамаққа өзгертілді, ал ұрлық үшін соттылығы бар үшінші адам қамауда қалды. Қылмыстық істі сотқа жібергеннен кейін, бұрын сотталмаған екі адамның үш жылға бас бостандығы шектелді, ал үшінші соттылығы бар адам бас бостандығынан айырылды», - деді Тергеу департаментінің басшысы.