Фото: Видеодан скрин
Түркістан облысының Отырар ауданында 6 жастағы қызға қатысты оқиға қоғамның алаңдаушылығын тудырды. Жәбірленуші тараптың айтуынша, жоғары сынып оқушысы бүлдіршінге тиіспек болып, зорлық әрекетіне талпынған. Алайда бір ай өтсе де күдікті қамауға алынбаған, деп хабарлайды Ult.kz «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Ата-анасының сөзінше, оқиға ауыл маңындағы жыңғыл арасында болған. Сабақтан кешіккен қыз үйіне жылап келіп, үсті-басы алба-жұлба күйде болған. Сол кезде ол өзіне жоғары сынып оқушысы тиіскенін айтып, көмек сұраған.
Жәбірленушінің анасы қызын бірден Түркістан қаласына апарып, дәрігерге тексерткенін айтты. Дәрігер зорлық әрекетіне талпыныс болғанын, алайда қыздық пердесіне зақым келмегенін жеткізген. Кейін бұл қорытындыны ресми түрде жазып беруді сұрағанда, мамандар сараптамаға араласа алмайтындарын айтқан. Осыдан кейін ата-ана «102» нөміріне хабарласып, қылмыстық іс қозғатуға мәжбүр болған.
Алайда содан бері іс алға жылжымағанын айтқан ана мектеп тарапынан да қысым болғанын жеткізді. Оның айтуынша, екі аптадан кейін мектеп әкімшілігі қызды сабаққа жіберуді талап еткен. Қауіпсіздігіне алаңдаған ата-ана бірінші сынып оқушысын мектепке жіберуден бас тартқан.
Жәбірленуші тарап тергеу барысына да наразы. Олардың айтуынша, сараптама дер кезінде тағайындалмаған, ал күдікті әлі күнге дейін қамауға алынбаған.
Ал Түркістан облыстық полиция департаменті бұл іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, сот-медициналық сараптама нәтижесінде қыздың денесіне зақым келмеген.
"Бастапқы тергеу іс-шараларының нәтижелері бойынша кәмелетке толмаған қызға қатысты құқыққа қайшы іс-әрекеттер анықталмады. Соған қарамастан сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Қорытындысы бойынша заңға сәйкес процестік шешім қабылданады", – делінген полиция жауабында.
