Фото: ашық дереккөз
Қазақстанда алаяқтардың жаңа схемалары анықталып, азаматтарға ескерту жасалды, деп хабарлайды Ult.kz. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті.
Агенттік мәліметінше, алаяқтар ресми өкілдердің бейнесін қолдана отырып, дипфейк видеолар таратуда. Онда «инвестордың» жалған оқиғасы көрсетіліп, бастапқы салымнан кейін табыс өсіп жатқандай әсер қалдырылады. Алайда қаражатты шешіп алу үшін түрлі комиссиялар, салықтар мен «тексерістер» төлеу талап етіледі. Бірнеше төлем жасағаннан кейін де пайдаланушылар өз ақшасына қол жеткізе алмайды.
Сонымен қатар алаяқтар бұғатталған қаражатты банк немесе реттеуші органдар арқылы қайтаруға болатынын айтып, қолданушыларды арнайы сілтемелерге өтуді ұсынады. «Толығырақ» батырмасы «халық заңгері» атты чатқа бағыттап, онда жалған хат алмасу арқылы сенімге кіру әрекеттері жасалады.
Бұдан бөлек, агенттік атынан жалған сайттар құрылып, онда «жәбірленушілердің ақшасын қайтару» туралы ақпарат таратылады. Мұндай сайттарға кірген кезде пайдаланушылардан сауалнама толтыру сұралып, кейін жеке мәліметтерін енгізу ұсынылады.
Мамандардың айтуынша, мұндай сайттар мен формалардың барлығы – алаяқтық схеманың бір бөлігі. Олар азаматтардың жеке деректерін жинап, қаражатты иемденуге бағытталған.
Агенттік азаматтарды сақ болуға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырады.
Қажет болған жағдайда азаматтар 1458 нөмірі арқылы байланыс орталығына немесе тұрғылықты жеріндегі экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгіне алады.
