13 жел, 2018 сағат 14:17

Жансейіт Түймебаев. «Түркістан – Ұлы Дала мекені»

Ұлы дала елі – Қазақстан өркениеті өрге, тірлігі төрге озған әлем елдері арасында айрықша құрмет пен жоғары беделге ие. Халықаралық қоғамдастық алдында көшбасшылық рөлі мен саяси салмағын нығайта отырып, ең озық 30 мемлекеттің қатарына кіру стратегиялық даму жоспарларымен жаңарудың жаңа кезеңіне жарқын қадам басып келеді. Қоғам мүддесіне қарай түбегейлі бетбұрыс, оңтайлы өзгеріс жасап, қайта түлеу мен модернизациялық дамудың лайықты үлгісін көрсетті. Бәсекеге қабілетті, жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін бұқаралық сананы ояту мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялады. Енді, міне, осы құнды құжаттың заңды жалғасы ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарық көріп, әрқайсысымыздың тарих көшіндегі қасиетті борышымыз бен азаматтық міндетімізді айқындап беріп отыр.

Қазақ елінің ғана емес, бауырлас мемлекеттердің де қызығушылығын тудырып, қызу қолдауға ие болған бастамада түгел түркі жұртының рухани орталығы, төрт қақпалы Түркістанның дамуы мен халықаралық аренада танылуына ерекше мән берілді. Мәңгілік елдің мақтанышы, түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің бастауы болған атажұрттағы көне шаһарды түркі әлемінің алтын бесігіне айналдыру үшін тың бастамалар көтерілді.

Елбасымыз айтқандай, біздің Қазақстанымыз – Ұлы дала елі, Мәңгілік ел. Біз осынау аса қасиетті атауды енді ұлттық бейне-бедеріміз ретінде көкірегіміздегі күндей ыстық, санамыздағы серттей берік ұстауға тиіспіз. Президенттің бағдарламалық мақаласы Ұлы даланың ұлық тарихын жаңаша жазып, жас ұрпақтың санасына сіңіру, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру идеяларын ілгерілетуге бағытталған.

Осы орайда «Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі – ұлтымның кеудесі. Сондықтан да мен ұлтымның кеудесін ешкімге бастырмау үшін барымды саламын» деп өткен Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің қанша уақыт өтсе де құндылығын жоғалтпаған мына сөзі еріксіз еске түседі. Көрнекті мемлекет қайраткері «Әлем бізді құрметтесін десек, өз халқымызды және ұлттық бейнемізді алдымен өзіміз бар сана-сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, үлгілі ісімізбен, бүкіл қимыл-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық болмысын таба алмаған ұлттар басқаларға оңай жем болады» дейді тарихи тұлға.

Түбі бір туыстарымыз «Түркі әлемінің Көшбасшысы» деп ардақ тұтқан Елбасымыз түп-тамырымызды жетік білуге шақырып, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін дер кезінде шешуді алдымызға мақсат етіп қойып отырғанының бір мәні осында жатса керек. Біз түркі тарихынан тамыр тартқан бай мұрамызды түгендеу және ортақ құндылықтарымызды насихаттау арқылы жер жүзіндегі 300 миллионнан астам түркі халқының туыстық және рухани байланысын да жақындастыра аламыз. Бабаларымыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесін айшықтай отырып, Ұлы даланы өзгелермен терезесін теңестіріп, иығын тірестірген кемел елге айналдыру мақсатымызға жол ашамыз.

Осы тұста Мемлекет басшысының «Ұлы даланың ұлағаттары» кітабында «Қазақ даласы – Ұлы Түркі дүниесінің қара шаңырағы. Алтай мен Атыраудың, Жайық пен Іленің, Алатау мен Сарыарқаның арасын Жібек жолы жалғаған кешегі заманды біз қайта түлетіп жатырмыз. Еуразияның алып даласы Еуропаның төріне, аспан асты еліне жолын жалғап, жаңа мыңжылдықтың керуенді көшін ұзартып, көркін асырып келеді. Кешегі Жібек жолы енді дәуірдің даңғылына айналып, Қазақ елін дамудың жаңа сапарына бастап барады» деген сөзі бағдарламалық мақалада жалғасын тауып, тың ойлармен толықтырылғаны көңіл қуантады.

«Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы. Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркітектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты. Осыған байланысты «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет» дей келе, Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін өткізу, Википедияның үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу қажеттігін тапсырды. Түркі әлемінің генезисіне көз жүгіртіп, «Ұлы даланың Ұлы есімдерін» ұлықтау үшін тың бастамалар көтерді.

Осыған дейін түркология саласында жекелеген ғалымдар толағай ізденіс жасап, сүбелі еңбектер жазып жүргенімен, мемлекеттік деңгейде түпкілікті зерттеу жұмыстарын жасау бұрын-соңды қолға алынбаған болатын. Сондықтан түркі халықтарының тарихын кешенді түрде зерделеу сан қатпарлы тарихымызды тың деректермен толықтырып, ұлттық мұрамызды байыпты құндылықтармен байытады деген ойдамыз. Ал, заманауи технология мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ортақ туындыларымызды онлайн кітапхана арқылы оқуға мүмкіндік жасау – бауырлас елдердің мәдениеті мен әдебиеті, шежіресі және фольклорымен жақын танысуға мүмкіндік беріп, түркі интеграциясына ықпал етері сөзсіз.

Биылғы жылы Елбасымыздың Жарлығымен құрылған Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласының орны халқымыз үшін әу бастан бөлек. Екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған шежірелі шаһарда тағдырлы шешімдер қабылданды, бәтуалы басқосулар мен келелі кеңестер өтті.

Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, әр қазақтың жүрегінің төрінде қасиетті Түркістан қаласына деген мақтаныш сезімі тұрады. Ұлы ойшыл-ағартушы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың Түркістанда жаққан шамы өшкен жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын Ясауи іліміне деген қызығушылық артып отыр.

«Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түркі жұртшылығына бағалы әрі қымбат. Енді біз Түркістанды облыс орталығы ғана емес, түбі бір түркі елдерінің мәдени және рухани орталығына айналдыратын боламыз! Бұл шешімнің тарихи себептері мен жауапкершілігінің маңызды екендігін әрбір азамат жан-жүрегімен түсінуі қажет» дейді Елбасы.

Мемлекет басшысының шешімі биылғы жылы қыркүйек айында Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің саммитінде туыстас елдер басшылары тарапынан қызу қолдауға ие болды. Түбі бір түркі халықтары үшін қастерлі атау өзінің тұғырына қайта қонғанын бауырлас елдер өте жылы қабылдады. Жаңа бетбұрыс бірлігімізді бекемдеп, тұтастығымызды нығайтып, түп тамырымызды бекіте түсеріне сенім білдірді.

Президент өз мақаласында осы топырақта дүниеге келген «Ұлы даланың ұлы есімдері» Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бен Отырардан түлеп ұшқан Әбу Насыр әл-Фараби ғұламаға арнайы тоқталып, мемлекеттің баға жетпес символдық капиталы ретінде таныту мақсатында тапсырмалар берді.

Белгілі қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбек «Халықты ояту үшін тарихты ояту керек» дейді бір сөзінде. Өкінішке қарай, біз Отырарда туып, жетпіске жуық тіл меңгерген, өздігінен оқып, көп ізденген жалғыз ғана әл-Фарабиді білеміз. Ал, кейбір зерттеушілердің келтіріп жүрген мәліметінше, Әбу Насырдан бөлек, Отырардан отыздан астам әл-Фараби шыққан көрінеді. Кәсіби шығыстанушы, тарихшы-ғалым Әбсаттар Дербісәлінің ізденістеріне сүйенсек, Сайрамнан шыққан 3 Сайрами, Отырардан шыққан 30 әл-Фараби, Яссыдан шыққан 5 Ясауи бар. Бұған қоса, профессор, әл-Фарабидің педагогикалық мұрасын түбегейлі зерттеуші Ауданбек Көбесов 961 жылы дүниеден өткен әдебиетші-ұстаз Ысқақ Фараби мен XI-XII ғасырларда өмір сүрген Ахмет Фарабиді анықтағаны белгілі.

Осылардың ішінде бізге кең танылғаны – ислам дүниесінің ең ірі, атағы әлемге жайылған ғұлама философы, осы киелі мекенде дүниеге келген Әбу Насыр әл-Фараби. Ол – философиялық еңбектері мен трактаттары арқылы әлемде Аристотельден кейін екінші ұстаз атанып, түркілік ойлау мен дүниетанымды Еуропаға танытқан тұлға. Тарихшылар Әбу Насырдың соңына «әт-Түрки» деген сөз жалғап, оның түркі текті екенін үнемі мақтан етеді.

«Бірде шығыс әміршісінің бірі әл-Фарабиді сарайына арнайы шақырып:

– Уа, Екінші ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ? – деп сұрайды. Сонда ол:

– Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін, − деген екен.

Білім және ой тарихынан құрметпен орын алған ойшыл-ғұламаның бұл даналық сөзі қазіргі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ.

870 жылы дүниеге келіп, 950 жылы өмірден өткен айтулы тұлғаның 2020 жылы өмірге келгеніне 1150 жыл толады. Осыған сәйкес, Түркістан облысында әл-Фарабиге қатысты кешенді іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Мұраларын зерделеп, қазақ тіліне аударылып, жарық көрген туындыларын ұрпаққа таныстырып, ел ішінде, жастар арасында кең көлемде насихаттау негізгі жұмыстарымыздың бірі болмақ.

Ержүректер елі Түркістан төрінде жатқан ғаламдық ойшыл, діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауиді ислам дінін ұстанатын бүкіл түркі әлемі құрметтеп, ұстаз тұтады.

90 мыңдай шəкірт-мүриттері ілімін Орта Азия, Таяу Шығыс елдеріне таратқан. Оның жырларындағы Құранның қағидалары, шариғаттың шарттары, Пайғамбардың хадистері XIII–XV ғасырлар арасында Хорезм, Мəуренаһр, Анадолыға дейін жеткен. Түрік жұртында «Мəдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген қанатты сөз бар. Ол хикметтерін қазіргі таңда «Түркістан тілі» деп атала бастаған көне түркі әдеби тілі – шағатай тілінде сөйлетті. «Диуани хикмет» атты туындысын келешек ұрпаққа елеулі мұра ретінде қалдырды. Ұлы ағартушының Қажы Бекташ Уәли, Юнус Эмре, Мәулана Жалаладдин Руми сияқты ізбасарлары да сопылық поэзияның жарқын тұлғаларына айналды. Алайда, қоғамға ізгілік нұрын шашқан бабамыздың тарихи болмысын өз деңгейінде толық танып, насихаттап болдық дей алмаймыз. Ясауидің ұлылығы жер-жерді мекен еткен және сол елдердің рухани темірқазығына айналған шәкірттерімен де өлшенеді. Сондықтан Ясауи бабамызды кең көлемде әлемге таныту үшін ізбасарлары арқылы насихаттауды да қолға алуымыз керек.

Ясауи мұрасын әлемге паш етіп отырған бір ғана Түркия елінде отызға жуық Қ.А.Ясауи атындағы көше мен даңғыл, алпыстан астам білім ошағы, онға жуық мәдени-зерттеу орталығы бар. Танымдық газет-журналдар жарық көреді. 2016 жылы ЮНЕСКО бойынша жарияланған «Ясауи жылы» аясында Қожа Ахмет Ясауидің қайтыс болғанына 850 жыл толуына орай түрлі шаралар атқарылды. Пошта конверті мен 850 жыл бейнеленген арнайы марка және күміс монета айналымға түсті. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңесі «Диуани хикмет» еңбегін шағатай тіліндегі түпнұсқасынан жарыққа шығарып, балаларға базарлық ретінде Қожа Ахмет Ясауиге арналған әңгімелер жинағын тарту етті.

АҚШ, Италия, Нидерланды, Ұлыбритания сынды батыс елдерімен қатар, Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Қазақстанда басқа да білікті ясауитанушылар еңбек етеді. Сондықтан 2019 жылы Түркістан қаласында әлемнің түкпір-түкпіріндегі Ясауи бабаның ғылыми мұрасын зерттеп жүрген ғалымдар-тарихшылардың басын қосып, халықаралық конференция өткізуді межелеп отырмыз.

Бұған қоса, Ясауи мұралары кешенді түрде зерттеліп, деректі және көркем фильмдер түсіріледі. Білім бәсекелерін өткізу де жоспарланды. Елбасы тапсырмасы бойынша жаңа Түркістанда Ясауи мұражайы салынып, ғұлама мен оның шет мемлекеттердегі шәкірттерінің еңбектері қойылады. Ясауи феноменін жоғарылату, атын асқақтату арқылы ғылымды ғана емес, туризмді де дамытамыз. Мысалы, Түркияда Мәулана Жалаладдин Руми, Қажы Бекташ Уәли сынды ғұламалардың жатқан жеріне миллиондаған мұсылман зиярат жасайды. Былтырғы жылы өмірінің соңғы күндерін Кония қаласында өткізген Мәулананың мұражайы мен жатқан жеріне тәу етуге 2,5 миллион адам ат ізін салған. Ал, Ясауи ілімін Анадолы жерінде жалғастырған шәкірті Қажы Бекташ Уәлидің Невшеһир қаласындағы кесенесіне – 500 мың, Анкарадағы ең көне орындардың бірі Қажы Байрам мешітіне 500 мыңнан астам турист келген.

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі де келешекте дамыған туризм орталығына айналуы тиіс. Кесенеде 21 хан, 8 сұлтан, 19 би, 56 батыр және өзге де тұлғалар мәңгі қоныс тапқан. Бұл аталарымыз – Қазақ мемлекетінің іргетасын қалауға ХVІ ғасырдан атсалысқан ұлтымыздың көрнекті қайраткерлері. Ал, оларды ұрпақтарының қазақ сахарасының батысы, шығысы, орталығы, оңтүстігінен арнайы әкеліп Түркістанға жерлеуі де осы топырақтың киелілігін көрсетсе керек.

Қазақ тарихындағы ұлы тұлғаларды ұрпақ санасына сіңіру мақсатында «Түркі әлемі», «Қазақ хандары мен билері», «Ұлы дала елі», «Тарихи-киелі орындар» орталықтары бой көтереді. «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында мұнда осы аймақта туып, әлемге танылған әл-Фараби, Ясауи сынды ойшылдар мен ғұламалар, Бәйдібек би, Домалақ ана, Қарабура сынды әулие және Сүгір күйші, Шәмші Қалдаяқов, Нәзір Төреқұлов, Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов сияқты руханият, мәдениет, әдебиет саласына айрықша үлес қосқан тарихи тұлғалар туралы мәліметтер жинақталып, ортақ база жасалады.

Жақында қаламызда «Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің

VI саммитінде ұсынған «Түркі әлемінің киелі жерлері» мен «Түркі әлемінің 100 тұлғасын» анықтау мақсатында түрколог-ғалымдар мен зерделі зерттеушілер бас қосқан болатын. АҚШ, Түркия, Үндістан, Венгрия, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа ТМД елдерінен келген делегаттар өз ойларын ортаға салып, ортақ мақтаныштарымыз әл-Фараби, Ясауи, Юнус Эмре, Абай, Низами, Физули, Ұлықбек, Шыңғыс Айтматов, Мағжан Жұмабаев және басқа тұлғалардың түркі әлеміндегі орны мен рөліне тоқталды. Нәтижесінде Түркістан облысы әкімдігі мен Халықаралық Түркі Академиясы арасында ғылыми және іскерлік байланысты нығайту мақсатында меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта Түркістан қаласында Халықаралық Түркі Академиясының зерттеу орталығы іске қосылмақ. Академияның штаб-пәтерін Түркістанға көшіру жөнінде ұсыныстар айтылды. Түркістанда Түркі әлемі орталығы салынып, «Түркістан кітапханасы» сериясымен жинақтарды шығаруды жоспарлап отырмыз. «Түркістан кітапханасы» сериясымен Түркі әлемінің рухани мұралары мен еңбектері қазақ тіліне аударылады. Тоны Көк, Білге қаған, Қорқыт, Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулати, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи, Махтумкули сынды түркіге ортақ тұлғалардың мұралары насихатталады. Сонымен бірге, «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есімді» анықтап және жоба жеңімпаздарымен халықаралық форум өткізбек ниеттеміз.

Түркістан облысын әлемдік деңгейде таныту мақсатында Түркі Академиясымен бірге ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде арнаулы іс-шара ұйымдастырып, туризм саласы бойынша әлеуеті бар елдерде Түркістан күндерін өткізу де ойластырылған. Сондай-ақ, Түркия, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа көршілес елдерде Түркістан қаласы мен облыстағы туристік орындар таныстырылады.

Облысымыздың туристік әлеуетін дамыту мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйегінде «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық туристік және инвестициялық форум өткізіліп, әлемнің 20-ға жуық мемлекетінің инвесторларымен 1,7 млрд. АҚШ долларын құрайтын меморандум жасалды.

Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру және туристерді тарту мақсатында Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын тұста Визит орталығы және ашық аспан астындағы музей, Бейнелеу өнері музейі, амфитеатр, мәдени демалыс орындары халық игілігіне ұсынылатын болады. Тарихи жәдігерлер қалпына келтіріліп, жаңадан құрылысы басталатын Түркістан облысының тарихи-әулиелі жерлерінің орталығы, облыстық әмбебап кітапхана, қазақ драма театры, туризм колледжі және Медиа, «Қазақстан-Назарбаев» орталықтары да Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын аша түспек.

Елбасы өз мақаласында ІХ-Х ғасырларда сәулетті сарайлары, ірі медреселері, мұнаралы мешіттерімен аты мәшһүр болған көне Отырар қалашығын туристік нысанға айналдыру мәселесін де қозғады. Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіріп, осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажеттігін еске салды.

Қазіргі сәтте Отырар қалашығын абаттандыру жобасы қолға алынып, жергілікті бюджет есебінен 28,8 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Отырар қалашығының Визит-орталығының құрылысы басталды.

Бұдан бөлек, «Туристік Қазақстан – 2019-2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарында көне қалашықтарда, оның ішінде Отырар, Сауран, Күлтөбеде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Ұлы Жібек жолы бойындағы Сидақ, Қараспантөбе, Жуантөбе қалашықтарына археологиялық зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Оқсыз бен Ханқорған да назарымызда болады.

Қазақ хандығының құрылып, мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған көне Созақ қаласына 2010 жылдары басталып, қаржы тапшылығынан бір-екі жылдан кейін тоқтап қалған археологиялық жұмыстар өз жалғасын табады.

Ал, Үкімет қаулысымен бекітілген «ҚР туристік индустриясын 2023 жылға дейін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, облыс «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластеріне енгізіліп, Түркістан қаласы кластердің негізгі нысаны ретінде белгіленді. Түркістан Қазақстанның туристификациялау картасының республикалық маңызы бар ТОП-10 нысанына кіргізілді. Кластерге Отырар, Сауран қалашықтары, Арыстан баб, Қ.А.Ясауи кесенесі де ілікті.

Түркітілдес елдердің жастарын жақындастырып, өзара ынтымақтастықты күшейту және болашақ саяхатшылар мен өлкетанушыларды даярлау мақсатында «Түркі әлемінің бірегей тарихи орындарына өлкетану» экспедициялары және «Түркістанға оралу» түркі халықтарының этнофестивалі, Түркі әлемінің Ынтымақтастық күні мерекесі, Түркологтардың форумы, «Түркістан брэнді» түркі әлемі фотосуретшілерінің симпозиумы қолға алынбақ. Сондай-ақ ашық аспан астында фотокөрме жүзеге асып, «SMART Рухани жаңғыру» мобильді қосымшасы дайындалады.

«SMART Рухани жаңғыру» мобильді қосымшасын әзірлеу арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында цифрлы технологияларды қолдану арқылы Түркістан облысының киелі жерлерін көруге және онлайн кітап оқуға мүмкіндік туады.

Түркістан – Ұлы Дала мекені

Мемлекет басшысы қандай бастама көтерсе де ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан төл мәдениетімізбен тығыз байланыстыра отырып, маңызды қадам жасауды үлгі етіп келеді.

Қазақстан Президенті «Зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды» дей келе, нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыпты әрі дұрыс пайымдау керек екенімізді еске салды.

«Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» аталған алғашқы тарауы да түрлі қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғаларды, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстарды басынан өткерген қазақ елінің атқа міну мәдениетінен басталады.

Тарихтан белгілі, Алтайдан Атырауға, Ертістен Еділге дейін созылып жатқан ұлан-байтақ даланы бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ат үстінде қорғады. Түркістаннан – Түркияға, Үндістаннан – Араб еліне, Сахарадан – Еуропаның Италия, Франциясына дейін атпен барып, ұрпақ өрбітті. 1920 жылы малы мыңғырған кейбір байлардың 40 мыңға дейін жылқысы болса, қазақ даласында жалпы саны 20 миллиондай Қамбар ата түлігі болғандығы туралы деректер сақталған. «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» дейтін қазаққа ғана емес, түркітілдес мемлекеттердің тұрмыс-тіршілігінде де төрт түліктің төресі айрықша қастерлі.

Қазақстан Президенті де – бала кезден ат құлағында ойнаған, әлем лидерлерінің арасында салауатты өмір салтын ұстанған бірден-бір мемлекеттік тұлға. Теннис, гольф ойнауды ұнатады, тау шаңғысын жақсы көреді және атпен серуендеуді дағдыға айналдырған. Ат жалын тартып мінгелі бүкіл ғұмыры ат үстінде өтіп келеді десек те артық айтпаймыз.

Даңқты спортшыларға қамқорлық танытып, жеңісті сәттерде қолдау білдіріп, спорт саласына әрдайым көңіл бөліп отырады. Әрбір облыста стадиондар мен спорт кешендерін салып, жастардың спортпен айналысуына барлық мүмкіндік жасалуын назарда ұстайды.

Сондықтан болса керек, мақалада «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны» екенін айта келе, атқа міну мәдениетінің жылқы малын тектілікке балайтын қазақ үшін алатын орнына тоқталады.

«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал, жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты, сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі» деп тұжырымдаған.

Түркістан облысында жылқы шаруашылығы, ұлттық ат спорты, атқа міну мәдениеті жоғары деңгейде дамыған. Бүгінде облысымызда 300 мыңнан аса жылқы бар. Соңғы 5 жылда Қамбар ата түлігі 25 пайызға көбейді. 2025 жылға қарай жылқы санын 450 мың басқа жеткізу көзделіп отыр.

Ат – мініс көлігі әрі қымызы мен саумалы – емге дәрі, жанға дауа. Ат спортын дәріптеу, атбегілікті, аңшылықты, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында облыста арнайы фестивальдер, түрлі қашықтықтағы атжарыстар мен аламан бәйгелер өткізіліп тұрады.

Мәселен, биыл Бәйдібек ауданында өткен «Қымызмұрындық» фестивалінде қазақ халқының ұлттық сусыны – қымыздың құндылығы насихатталды, саумал, құнан қымыз, түнемел қымыз, хан қымыз түрлері таныстырылды.

Салт-дәстүріміздің ішінде Ұлыстың ұлы күні Наурыз бен қасиетті Құрбан айттан бірде-бір кем түспейтін ұлттық мереке әзірге халықтық сипат ала қойған жоқ. Сондықтан фестивальді жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырып, халықаралық деңгейге көтереміз деген сенім бар.

Облыста ұлттық спорт түрлерін дамытуға негізделген спорт мектебі жұмыс істейді. Көкпаршыларымыз Азия, әлем чемпионаттарында топ жарып, ұлттық құраманың жеңісіне сүбелі үлес қосты. Аудандарда жыл сайын ірі көкпар бәсекелері өтіп тұрады. Таяу жылдары ат спортын дамыту үшін Түркістан қаласында халықаралық талапқа сай атшабар салынады.

2019 жылы «Сәйгүліктер» фестивалі қолға алынып, ұлттық ат спорт ойындары: теңге алу, аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату, сәйгүліктер шеруі, сондай-ақ ат әбзелдері, аттылы жауынгерлердің киімі мен қару-жарақтарына арналған көрмелер, жылқы малына байланысты жыр мүшәйрасы, жыршылар мен термешілер байқауы ұйымдастырылады.

Деректерге үңілсек, саятшылық өнердің үш мың жылдық тарихы бар екен. Жошы хан – 3 мың қыран, Абылай хан – 500 бүркіт, 300 қаршыға, сұңқар ұстағаны жайында мәлімет сақталған. Абай, Шоқан, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Иманжүсіп, Сәдуақас Шормановтар да құс жүгіртіп, аң салған.

Осы орайда бабалар ізін жалғайтын облыстық «Салбурын – саятшылық мерекесінің» де жылқы мен құсбегілік өнерге деген қызығушылар санын арттырып, ұмытыла бастаған салт-санамызды қайта жаңғыртары сөзсіз.

Елбасы мақаласында ата-бабаларымыздың жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашқаны да қамтылған.

Дала өркениеті технологиялық тұрғыдан кетпен, қайла, күрек тәрізді еңбек құралдары мен семсер, қылыш, қанжар, сауыт, сүңгі, садақ сияқты қару-жарақ, қазан-ошақ дайындайтын темір ұсталары мен үй жиһаздары мен ат әбзелдері, әшекей бұйымдар соғатын зергерлердің пайда болуынан бастау аларын бағамдаймыз. Біздің сөзімізге археологиялық қазба кезінде Отырар қаласынан табылған сегіз қырлы қола білезік, шекелік, араб жазуы жазылған көркем белдік дәлел болса керек.

2019 жылы Түркістан облысында «Шығыс базары» фестивалі жүзеге асып, темірден түйін түйген ұсталар мен зергерлердің қола, мыс, темір, күміс, алтыннан жасаған әшекей бұйымдарын көрмеге қоятын боламыз, соңы тұрмыстық заттар мен қару-жарақтардың жәрмеңкесіне ұласады.

«Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі» дейді Президент.

«Көктем аруының» ең әдемі түрлері Түркістан облысындағы Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек аудандарындағы таулы аумақтарда кездеседі.

Шұбайқызыл шоқысынан еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген Грейг түрін таба аласыз. Биыл бірінші рет Түлкібас ауданында «Қызыл кітапқа» енген, яғни айрықша қорғауды қажет ететін лала гүлдерді қорғау және сол аймақтың туристік әлеуетін көтеру мақсатында халықаралық «Қызғалдақ» фестивалі өткізілді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында қызыл кілемге оранғандай әсем алқап көрінісін 5 мыңға жуық адам тамашалады. 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар мекені бұрын «Красная горка», кейін «Қызыл төбешік» деп аталды. Қазір жазушы Мархабат Байғұттың бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» атауы қайта берілді және аталған төбеге «Қызғалдақ» белгісі орнатылды. Келесі жылы бұл фестивальдің халықаралық маңызын арттырып, деңгейін көтереміз. Оған мыңдаған саяхатшы келетін болады. Сондай-ақ, «Nomad explorer» экспедициясынан 1,5 мыңдай қазақстандық және шетелдік туристер тартылады деп күтілуде.

Қазақстан әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналса, Түркістан облысы республика бойынша алма өсіруден бірінші орында тұрғанын ерекше атап өткім келеді. Биыл 116 мың тонна жеміс-жидек жиналса, соның 92 мың тоннасы – алма. Облыста өсіріліп қана қоймай, елімізден бөлек шетелдерге де экспортталуда. Алдағы уақытта алмабақтарын көбейту, оны терең өңдеу бағытында жұмыстар атқарылады.

Елбасы өз мақаласында Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керектігіне баса мән берді.

«Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек. Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» деп, ел тарихы мен тарихи тұлғаларын көркем және анимациялық фильмдер арқылы дәріптеуді тапсырды. Осыған сәйкес, «Ордабасы – бірліктің туы», «Түркістан», «Оқсыз» анимациялық фильмі, 10 сериялы «Төле би» телехикаясы жақын күндері жұртшылық назарына ұсынылады.

«Қ.А.Ясауи өмірі» және «әл-Фараби» атты 10 сериялы, «Түркістан қаласының тарихы» туралы 5 сериялы, қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті кейіпкері «Қамбар батыр», сондай-ақ «Сауран қалашығы» туралы анимациялық фильмдер түсіру жоспарлануда.

Бұған дейін Түркістан облысында тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая, «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық фильмдері түсіріліп, республикалық деңгейде көрсетілген болатын.

ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ортағасырлық 8 ескерткіш (Сауран қалашығы, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар оазисінің ескерткіштері, Бөржар қорғаны) туралы тұңғыш рет түсірілген деректі фильм және «Бәйдібек би» анимациялық фильмі көпшілік көңілінен шықты деген сенімдеміз.

Мемлекет басшысы ел тарихындағы құнды құжаттарды зерттеу, архив саласын дамыту мәселесін де қозғады. «Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар әлі де болса ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр» дей келе, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажеттігін күн тәртібіне қойды.

2019 жылы «Архив – 2025» бағдарламасы аясында облыста 1,5 миллионға жуық іс құжаттарды цифрландыру жоспарланып, оған облыс бюджетінен 125 миллион теңге бөлініп отыр. Түркістан тарихын тереңінен зерттеу мақсатында алыс-жақын шетелдердің архивтеріндегі құжаттарымен танысу мәселесі де қолға алынады.

Биыл халық ауыз әдебиеті бойынша «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар» жинағы мен «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары мен киелі жерлері» атты екі кітап шығарылды. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау керектігін атап өтіп, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін түзуді тапсырған еді. Осыған сәйкес, «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары мен киелі жерлері» жинағында Сайрамдағы сансыз баб, Түркістандағы түмен баб, бабтардың бабы – Арыстан баб сияқты киелі орындарды фотоальбомға топтастырдық.

Қожа Ахмет Ясауи, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Аппақ Ишан сәулет кешені, Баба Түкті Шашты Әзіз, Қарабура әулие, Домалақ ана кесенесі туралы мәліметтер жастарымызға елін, жерін кіршіксіз сүюге, тамырлы тарихын терең білуге мүмкіндік бермек.

Сауда мен қолөнердің орталығы – Отырар қалашығы, Ақ орданың астанасы – Сауран, қола дәуірі мен темір ғасырының басында тасқа қашалған Боралдай және Қаратау тауларындағы Келіншектау жотасының баурайында орналасқан Арпаөзен петроглифтері ұрпақ танымын кеңейтіп, ой-өрісін өсіре түспек. Нұһ пайғамбардың кемесі қалған қасиетті Қазығұрт қорғаны, аңызға толы Ақмешіт үңгірі, сирек кездесетін, жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктердің бай қазынасы Ақсу-Жабағылы қорығы, жер асты тауларымен, көркем пейзажымен, қайталанбас ландшафтымен баурап алатын Қасқасу шатқалы, Қаратау мемлекеттік қорығы, суы емдік қасиетке ие Қызылкөл көлі, 500 жылдық тұт ағашы өсіп тұрған Қарнақ қалашығы сияқты туған жердің тау-тасын, өзен-көлін кейінгі буын біліп өсуі тиіс.

Алдағы уақытта Түркістан өңірінің дәстүрлі музыкасы, жыр, термелері де жинақталады. Өкінішке қарай, жыраулар поэзиясының белді өкілі, халық ақыны Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармашылығы толық зерттеліп, мақамдары әлі күнге нотаға түсірілген емес, СD дискісін шығару жұмыстары түбегейлі қолға алына қойған жоқ. Алдағы уақытта осы олқылықтардың орнын толтырып, өңірдегі өзге де айтулы тұлғаларымыздың аты айшықталатын болады.

Қаратау күйшілік өнерінің бастауында тұрған Сүгір Әліұлының еш жерде жарияланбаған, бұрын-соңды ешкім естімеген күйлерінің ноталық жинағын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев архивтен аршып алып отыр. Классик жазушы Мұхтар Әуезов «Шаянға барсаң әншімін деме, Созаққа барсаң күйшімін деме» деп лайықты бағасын беріп кеткен бірегей күйші мен ізін жалғастырушы шәкірттерінің СD альбомын халыққа тарту ету қазақ мәдениетіне қосылған үлкен қазына болары сөзсіз.

Қазақстан Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында көрсетілген «Жастар жылына» орай да 2019 жылы кешенді іс-шаралар жоспары жасақталуда. «Түркістан тұнған шежіре тарихы», «Түркі жастарының конгресі», «Орта Азия жастарының форумы», «Хан тұрағы», «Күлтөбе», «Тәуелсіздік таңы жастармен», «Жаңа ғасырдың жастары», «Түркістан – ынтымақ пен бірліктің мекені» тақырыптарында форумдар, конференциялар, кездесулер, семинарлар өз жемісін береді деген үміттеміз.

Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарының Түркістандағы күндері де аймақаралық байланыстар мен мәдени қарым-қатынасымызды тереңдете түсері сөзсіз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың қыркүйек айында аймаққа жасаған жұмыс сапары кезінде жергілікті тұрғындармен кездесіп, Түркістан облысын құрудың және өңір орталығын Түркістан қаласына көшірудің тарихи әрі әлеуметтік-экономикалық мәнін түсіндірген еді. Қала келбеті тез арада айтарлықтай өзгеріп, шаһар өзінің өркендеу жолындағы жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдірген. Сондықтан жоғарыда атап көрсетілген жұмыстардың барлығы Түркістанды түлету, түркі дүниесінің орталығына айналдырып, халықаралық маңызын күшейту мақсатында іске асатын болады.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы тапсырмалары мен ойлары Түркістанды дамыту тұжырымдамасымен жан-жақты үйлесіп тұр. Өткенімізге үңіліп, барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуге бағытталған жобалар Түркістанды түлетуге айрықша серпін бермек. Түркістанға қызмет – тарихқа құрмет деп білеміз!

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Түркістан облысының әкімі