Ақмола облысында Жәнібек ханның ортағасырлық кесенесінің қирандыларын ғылыми-зерттеу жұмыстары аяқталуға жақын. Архелогиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттар Жапонияға генетикалық сараптамадан өткізуге жіберілді. Бұл туралы облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Бекназарова журналистермен өткен брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2018 жылы облыстық музейге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін берілген лицензияның арқасында Қорғалжын ауданы аумағында орналасқан Жәнібек ханның ортағасырлық кесенесінің қирандыларын ғылыми-зерттеу бойынша қолға алынған жұмыстар аяқталуға таяу. Бұл жобаға 2019 жылы облыс әкімдігі тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді», - дейді Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Бекназарова.
Басқарма басшысы атап өткендей, кесенені зерттеу жұмыстары 2 кезеңмен жүргізілген. Жәнібек-Шалқар кесенесінің қирандыларынан табылған заттарды жан-жақты зерттегеннен кейін ғалымдар осында хан әулетінің өкілдері жерленген деген қорытындыға келген.
«Табылған археологиялық жәдігерлер Нұр-Сұлтандағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне өткізіліп, содан кейін Ресейдегі антропологиялық көріністі анықтау үшін Жапонияға генетикалық сараптамаға жіберілді. Зерттеу қорытындысы биылғы жылдың соңында шығарылады. Бірақ біз қазірдің өзінде тарихи сенсацияның алдында тұрмыз деп үміттенеміз», - деп толықтырды Гүлмира Бекназарова.
Айта кетейік, облыстағы 11 мұражай өз жобаларын іске асыруды тоқтатқан жоқ. Ағымдағы кезеңде 1 595 экскурсия, 439 дәріс, 238 көрме ұйымдастырылып, 936 мұражай заттары алынып, өңделген.