29 мау, 2017 сағат 13:39

Жаңарған техника - табыс кепілі

Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров «Көксу қант зауыты» ЖШС-не барып, онда жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Әкім орынбасарын Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ мен «Көксу қант зауыты» ЖШС-нің директоры Әділбек Абатов өндіріс орнындағы соңғы жаңалықтардан хабардар етіп, алдағы жұмыс жоспарын таныстырды.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы облысымызда 6 мың гектардан астам жерге қант қызылшасы себіліп, жоспардағыдай өнім алынды. Алайда, өнімді қабылдау барысында біраз қиыншылықтардың болғаны рас. Осы кемшілікті болдырмау үшін аталған зауыт биыл 1 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартып, зауыт құрылғыларын жаңартып, жұмыс ауқымын кеңейтумен қатар өнім сапасын арттыруды қолға алды. Осындай еңбектің нәтижесінде зауыттағы құрылғылар 100 пайызға жаңартылып, қазір алдағы қант қызылшасын қабылдау науқанына 50 пайызға дайын. 

 «Көксу қант зауыты» ЖШС директоры Әділбек Абатовтың айтуынша, бүгінде зауыттың күрделі жөндеу жұмыстарына 200-ге тарта адам жұмылдырылған. Бұрынғы Кеңес одағы кезіндегі көнерген құрылғылар Швейцария, Германия, Украина, Ресей, тағы да басқа елдерден алынған заманауи жабдықтармен ауыстырылады. Сонымен қатар, қант қызылшасы төгілетін алаңның тең жартысын биыл цементпен қатырып, жаңарту жұмыстары да қоса атқарылуда. Қант қызылшасын қабылдау қондырғылары Германияда шығарылған қуаттылығы жоғары екі құрылғымен толықпақ.

– Зауыт жылына 220 мың тонна қант қызылшасын қабылдауға қауқарлы. Бүгінге дейін қолда бар техникамен шикізаттан 12 пайыз таза өнім алып келдік. Ал жаңартылған құрылғылар өнімнің сапасын арттырып, еңбек күшін үнемдеу, қант қызылшасын қабылдау мүмкіндігін арттырады. Яғни, алдағы уақытта жаңа құрылғылардың көмегімен қант қызылшасының әр тоннасынан 13-14 пайыз таза өнім алуға қол жеткізетін боламыз, – дейді зауыт директоры.

Біз зауыт аумағында жүріп жатқан қызу жұмысты әкім орынбасарымен бірге көріп, жоғарыда айтылған жайларға қанықтық. Зауыт ауласындағы шетелден әкелінген жаңа құрылғылардың жұмысымен де таныстық. 

Шараның соңында жур­на­лис­тердің сұрағына жауап берген Серікжан Ісләмұлы:

– Өңірімізде жыл сайын қант қызылшасын өсіруге деген ынта артып келеді. Биыл «Көксу қант зауыты» ЖШС 220 мың тонна, «Ақсу қант зауыты» ЖШС 100 мың тоннадан астам қант қызылшасын қабылдайды деп жоспарлануда. Демек, биыл 36 мың тоннадан астам таза қант аламыз деген ойдамыз. Сондай-ақ, биылғы өзгерістерге орай зауыт сатып алған қант қызылшасының құнын өздері төлесе, демеуқаржы облыстық ауылшаруашылық басқармасы арқылы төленеді. Демек, шаруалардың жыл бойы төккен терінің ақысын артығымен алуға бар мүмкіндік жасалуда, – деді ол.

Қажет АНДАС