Маңғыстау облысының әкімдігі Жаңаөзен тұрғындарының митингіге шығуына себеп болған газ бағасының қымбаттауына қатысты түсініктеме берді.
Осы жылдың 1 қаңтарында сұйытылған газ 100% электронды сауда әдісі арқылы сатылып отыр. Бұл сұйытылған газ бағасының қымбаттауына алып келді, деп мәлімдеді Маңғыстау облысы энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев. Бұл туралы Lada.kz жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Бүгінде электронды сауда алаңдарында кәсіпкерлердің операциялық шығындарын есептемегенде сұйытылған газдың бір литрі 85 теңгеден сатылып отыр. Жалпы бағаны сұраныс пен ұсынысқа сәйкес нарықтың өзі түзеді. Әкімдік газ бағасын реттеуге қатыспайды, өйткені бұл өнім бәсекелестік ортаға қатысты. Алайда жеке кәсіпкерлер тарапынан бағаны негізсіз көтеру фактілері анықталған жағдайда Бәсекелестікті қорғау агенттігінің департаменті әкімшілік шара қолданады", - деді Қартбаев.
Оның айтуынша, электронды саудаға көшу саланың инвестициялық тартымдылығын арттырып, сұйытылған газдың экономикалық тұрғыда негізделген бағасын қалыптастырады.
Нарықтағы электронды сауда туралы Қазақстанның энергетика министрлігі де хабарлаған болатын. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап сұйытылған мұнай газының (СМГ) саудасы тауар биржаларына 100% көшірілді. Ведомство мәліметінше, бұл нарықтың барлық қатысушысы үшін тең жағдай тудырады және сұйытылған мұнай газының қажетті көлемін өндірушілерден тікелей сатып алуға мүмкіндік береді.
"Электронды сауда алаңдарына (ЭСА) көшкенге дейін сұйытылған мұнай газының бағасы өндірушілер үшін тиімсіз болды. Себебі ол өз құнынан төмен бағада сатылды. 2022 жылдың қаңтарындағы дерек бойынша жабдықтаушылар Маңғыстау облысы үшін өндірушілерден 17 406 тонна сұйытылған мұнай газын сатып алды", - деп хабарлады энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
20-24 желтоқсан аралығында электронды сауда алаңында бес сауда сессиясы өтіп, сұраныс пен ұсыныс негізінде сұйытылған мұнай газының бағасы қалыптасты. Осылайша Маңғыстау облысына сұйытылған газ жеткізудің қаңтардағы орташа көтерме бағасы 133 126 теңге/тонна немесе 78 теңге/литр құрады.
Бұл ретте Ақтау, Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында бөлшек сауда бағасы 100-120 теңге/литр болды.
Жалпы қаңтардағы сауда сессиялары штатты режимде өтті, нарық механизмі өңірлердің сұйытылған газға тиісті көлемдегі сұранысын реттеді және қазіргі уақытта газ аймақтарға жөнелтіліп жатыр.
Бердібек Қартбаевтың айтуынша, елімізде орташа есеппен алғанда бір литр газдың құны 110 теңге, Атырау облысында – 115 теңге, Оралда – 120 теңге, ал Маңғыстау облысында 95-115 теңге аралығында болып отыр.
Еске салайық, бұған дейін видеоүндеу жолдаған Жаңаөзен тұрғындары өңірде газ бағасы 120 теңгеге дейін қымбаттағанын мәлімдеді. Олар ең төменгі жалақы мөлшеріне сәйкес бағаны 60 теңгеге дейін төмендетуді талап етті.