Фото: politeka.net
Жаңаөзен қаласында заңсыз ойын бизнесімен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Қатысушылар ойынхананың тұрақты жұмыс істеуі үшін ойын ойнауға арналған компьютерлер балансын жүйелі түрде толықтырып, нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, заңсыз пайданы жинап, басқа да ұйымдастыру-басқару қызметтерін атқарған.
"Тінту кезінде ойын ойнауға арналған құрылғылар: жүйелік блоктар, мониторлар, чек принтерлері мен сканерлері, теледидарлар, телефондар және қолма-қол ақша алынды.
Заңсыз әрекеттен түскен қылмыстық кіріс көлемі 77 млн теңгеден асты.
Тергеу жалғасып жатыр" - делінген хабарламада.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.