12 жылдық бiлiм жүйесiне көшу мақсатындағы жаңа стандарттарды елiмiздегi барлық мектептерге 1-сыныптан енгiзу шаралары жаппай басталып кеттi. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған шәкiрттер ендi бiрыңғай базалық оқулықтар бойынша бiлiм алады.
Министрлiк өкiлдерi бұл оқулықтардың аймақтар арасындағы бiлiм сапасын онлайн режимiнде теңестiруге, сондай-ақ оқу үлгерiмiн қадағалауға, қазына қаржысын үнемдеуге мүмкiндiк беретiнiн айтады. Сонымен бiрге, “бiлiм беру процесiндегi дәстүрлi құралдар бейнематериалдар мен интерактивтi сабақтар арқылы да толығады, бұл өте тиiмдi”, – деп сендiруде.
Ресми ақпаратқа жүгiнсек, биылдан бастап мектеп бағдарламасы тұтастай өзгермек және ол баланың логикалық ойлауы мен дүниетанымын дамытуға бағытталмақ. Осыған орай, соңғы үш жылда 52 мың мұғалiм жаңартылған бiлiм мазмұнының әдiстемесi бойынша бiлiм жетiлдiрудiң деңгейлiк курстарында оқыған. Ал биылғы жазда 73 мың мұғалiм осы бағытта дайындықтан өткен. Оқытушыларға арналған әдiстемелiк материалдар әзiрленген.
Мектептердiң жаңа мазмұндағы оқулықтарын сатып алу үшiн мемлекет қазынасынан 18 млрд-қа жуық теңге бөлiнген. Оның 6 млрд 200 мыңға жуығы 1-сыныптардың оқулықтарын алуға жұмсалған. Әрине, аз ақша емес. Дегенмен қанша көлемде шықса да, оқулық жетiспеушiлiгi болмай тұрмайды. Әсiресе, 1-сыныптар саны ерекше көп болып тұрған қазiргi жағдайда. Мысалы, биыл 1-сыныпқа барғандар саны 370 мың екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 30 мыңға көп. Кейбiр мектептерде 1-сынып шәкiрттерiнiң жалпы саны мыңнан асып кеткендiктен, тiптi п, р, с сыныптары ашылғаны әр тараптан жеткен ақпараттарда айтылды да. Осыған байланысты “мектептер бұған дайын ба едi? Бастауыш сынып мұғалiмдерiнiң тапшылығы қаншалықты сезiлуде?” деген сауалдың туындайтыны заңды. Алайда Бiлiм және ғылым вице-министрi Эльмира Субханбердиева бұлайша алаңдауға негiз жоқтығын мәлiмдедi. “Жергiлiктi әкiмшiлiктерден бiзге ондай мәлiмет түскен жоқ. Егер мұғалiмдер жетiспей жатса, бiздiң сайтымызға жазуға болады. Жергiлiктi бiлiм басқармаларымен бiрлесiп, бiз бұл мәселенi шешемiз”, – дейдi ол.
Осы тұстағы тағы бiр жайт, мектепте кiтаптың жетiспеушiлiгiне байланысты, егер ата-ана әлдебiр оқулықты дүкеннен сатып алатын болса, соның түбiртегiн сақтап қоюы керек. Жергiлiктi бiлiм басқармасына соны көрсету арқылы жұмсаған ақшасын қайтарып ала алады деген де ақпаратты құлағымыз шалды. Бiрақ бұл арада ескерiлмеген бiр жайт – жоқ оқулықты жұрт дүкеннен емес, көп жағдайда базардан ғана таба алады. Пайданың шығатын жерiн күнi бұрын сезетiн алыпсатарлардың “Алматыкiтап”, “Мектеп”, “Атамұра” баспаларынан оқулықтарды сыпырып-сиырып, таудай ғып әкетiп жатқанын көрмеген ел кемде-кем. Қарапайым ғана мысал, Алматыдағы “Дәуiрде” басылған оқушы күнделiктерi дүкенде жоқ, ал базарда 500 теңгеден самсап тұр. “Неге қымбат?” десең, “өзiмiздiкi ғой, қағазы сапалы” дейдi. Керiсiнше, өзiмiздiң өнiм әлдеқайда арзан болуы керек емес пе?! Баспаның өз дүкенiнен, әрине, төмен бағада алуға болатын шығар. Бiрақ сөреде жоқ! Сол сияқты, мұқтаж жұрт тапшы оқулықтарды да өз бағасынан үш-төрт есе қымбатқа базардан алуға мәжбүр. Сосын оған кiм қандай түбiртек бередi және шығынын өтегелi тұрған кiм бар?.. Сондықтан жұрт керегiн тиiстi баспалардың дүкендерiнен ғана алсын десек, оқулықтарды алыпсатарларға оңды-солды өңгертiп жiберуге тыйым салу қажет. Өкiнiшке қарай, осы жағына назар аударып, қадағалап жатқан ешкiм жоқ.
Биылғы тағы бiр жаңалық – 1 сыныптардың 5 күндiк оқу аптасына көшкенi. 2017-де 2, 5, 7-сыныптар, 2019 жылға дейiн барлық сыныптар 5 күндiкке көшетiн көрiнедi. Мұнда да 5 күн оқу бақытына ие сыныптардың қандай принциппен екшелгенi түсiнiксiз. Мысалы, келесi жылы 3, 4, 6-сыныптарды да 5 күндiкке көшiруге не кедергi?.. Шендiлер “мыналар көшедi, мыналар көшпейдi” деп кесiп айта салады, ал себебiн ашып айтпайды. Соған қарап, осы жаңашылдықтардың барлығының жан-жақты ойластырылып, себеп-салдары түгелдей сарапталып жасалып жатқандығына ерiксiз күмәнданасың.
“Ал жарайды. Бiрақ осы жаңа стандартты кiм дайындады?” деген сұраққа да министрлiктiң толыққанды жауабы жоқ. Эльмира Субханбердиеваның айтуына қарағанда, құрамына профессорлар, методология мамандары, әр облыстан жергiлiктi мұғалiмдер кiрген комиссия дайындаған. Егер олар аты бар, заты бар, пiкiрiн дүйiм ел сыйлайтын, уәжiмен жұрт санасатын, бiлiмдi де бiлiктi, аузы дуалы адамдар болса, “Мiне, айтар сын, тағар мiндерiң болса, осыларға айтыңдар. Жаңа стандартты жасаған осылар”, – деп ашығын айтпай ма?! Немесе сол адамдардың өзi: “Орыс тiлi мен ағылшынды, жаратылыстануды 1-сыныптан бастап оқытуды ұйғарған және қазақтың тiлi жаратылыстану пәндерiн жоғары сыныптарда оқытуға жарамайды” деп шешкен комиссия құрамында мен болдым”, – деп неге сүйiншi сұрамайды?!
Жаңашылдық та жақсы шығар, егер соған жағдайың толық келiп тұрса. Мәселе сонда – бiз елiмiздегi мектеп атаулының жоғын түгендеп, мұғалiмдердiң, оқушылардың қыжалаттарын өтеп болдық па? Бүгiнде 33 мектеп үш ауысыммен оқитын көрiнедi. Бұл, әрине, тек ресми дерек. Мұның сыртында, алыс ауылдардағы апатты жағдайлардағы бiлiм ошақтары қаншама! Кейбiр елдi мекендер толыққанды орта мектепке зәру болып отыр. Осы жақында ғана “Хабар” арнасындағы “Жетi күн” бағдарламасынан көрсеттi – Астананың iргесiндегi Қаражар ауылындағы бастауыш мектептiң үш-ақ сынып бөлмесi бар екен. “1-сыныпқа биыл барған 118 бала үш ауысыммен оқуы мүмкiн” дейдi. Ал жоғары сыныптардағы 250 бала Қараөткелге, Астанаға қатынап оқуға мәжбүр. Осыдан екi жыл бұрын ауылда мектеп салына бастаған. Бiрақ жартысына келiп тоқтап қалған. Себебi тиiстi қаражат толықтай бөлiнбеген. Басқа-басқа, Астананың түбiндегi ауылдың халқы осындай күй кешiп отыр. Ал алыс аймақтардағы жұрт не халде?! Жарық, жол, ғаламтор мәселесi, елдiң әлеуметтiк жағдайы сын көтере ме?.. Күнделiктi сабағын бiрдеңе ғып өтiп, әйтеуiр нәпақа табу қамымен жүрген мұғалiмдер де бар. Олар жаңа талапқа қалай, қайтiп бейiмделмек?..
Мұның бәрi ескерiлдi деп айта алмаймыз. Ескерiлуге тиiс едi. Осындай жағдайда орта бiлiмнiң ертеңгi сапасы, салмағы қалай болады, ол да белгiсiз. Әйтеуiр артын қайырлы қылғай...
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ,
"Жас Алаш" газеті