Фото: Instagram.com
ҚР Туризм және спорт министрлігі әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастыру фактісіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Instagram-дағы «Zhanabylov_e» және «elt6i» аккаунттарында өткен бағалы сыйлықтарды ұтысқа салу заң талаптарына қайшы болуы мүмкін.
Министрлік жанындағы Құмар ойындар мен лотерея қызметін реттеу комитетіне азамат С.-дан өтініш келіп түскен. Ол аталған блогерлердің әрекетін «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңға сәйкестігін тексеруді сұраған.
Қазіргі уақытта азамат Жанабыловқа Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 743-бабы 1-бөлігіне сәйкес түсініктеме беру қажеттігі жөнінде ресми хабарлама жолданды. Оның нәтижесіне қарай әкімшілік іс қозғау мәселесі қаралады.
Түсініктеме берілмеген жағдайда Комитет ӘҚБтК-нің 445-1-бабы 6-бөлігі бойынша іс қозғайды. Бұл бапқа сәйкес:
-
жеке тұлғаларға – 100 АЕК,
-
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 300 АЕК,
-
орта кәсіпкерлікке – 500 АЕК,
-
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Егер азамат іс жүргізу шараларына қатыспаса, әкімшілік іс сырттай қаралады.
Министрлік азаматтарға ресми лотерея ұйымдастырушылары болып табылмайтын тұлғалардың әлеуметтік желілерде өткізетін түрлі «гивтеріне» және күмәнді ұтыс ойындарына қатыспауға кеңес берді. Мұндай әрекеттер қаржылық шығынға әкеліп, алаяқтықтың құрбаны болу қаупін арттырады.
