24 жел, 2020 сағат 12:06

Жаңа жылды тойлауда қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек?

Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жаңажылдық мерекедегі қауіпсіздік шараларын ескертті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қаламызда санитарлық-эпидемиологиялық шектеулерге байланысты, жаңажылдық мерекелік іс-шараларды өткізуден бас тартылды. Үйдегі қауіпсіздікке келсек, шыршалар мықты және құламайтын негізге орнатылуы тиіс және эвакуациялық жолдарға бөгет болмауы керек. Шыршалардың бұтақтары қабырғалар мен төбелер арасында бір метр қашықтықты сақтау керек. Шыршаға тағылатын электр гирляндалар электр қондырғыларын пайдалану қағидаларына сәйкес келу тиіс. Онда кернеулігі 12 вольттан, ал қуаты 25 ваттан аспайтын шамдар қолданылуы шарт», - деді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы елорда әкімдігінде өткен брифингте. 

Сонымен бірге, спикер жаңажылдық отшашуларды тек қана рұқсат берілген, ресми қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін, тауары сертификатталған жерден сатып алуды ұсынды. 

«Отшашуды желді күні пайдалануға болмайды. Оның нұсқаулығымен міндетті түрде танысу керек, көзге көрінетін қандай да бір ақауы бар отшашуды пайдалануға тыйым салу қажет. Білтені қолжетімді арақашықтықта тұтату және кем дегенде 20 метр қашықтық сақтау керек. Ал отшашудың ғимаратқа дейінгі аралығы 50 метрден кем болмауы тиіс. Отшашуды шатырлар мен ағаштардың, электр желілерінің астында және үй-жайлардың ішінде атуға тыйым салынады», - дейді Е. Отарғалымұлы.