03 жел, 2021 сағат 16:43

Жаңа жыл шыршасы 16 желтоқсаннан кейін орнатылады – Алтай Көлгінов


Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке Жаңа жыл шыршасы қашан орнатылатыны туралы сұрақ қойылды, -  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімі Тәуелсіздік мерекесі тойланып бітпейінше Жаңа жылмен байланысты шаралар өтпейтінін атады.

«Жаңа жыл шыршасына қатысты айтсақ, біз Жаңа жыл мерекесіне арналған шараларды Тәуелсіздік күні өткеннен кейін бастауды жоспарлап отырмыз. Яғни, 16 желтоқсаннан кейін басталады. Қазір әкімдік тарапынан дайындық жүріп жатыр», - деді әкім.

Аталмыш брифингіде Алтай Көлгінов елордадағы LRT құрылысын аяқтауға қажет қаржыны 3,25 пайыздық несие арқылы жабу көзделіп отырғанын айтты.

«Өз еліміздегі екінші деңгейлі банктерден 3,25 пайызбен облигациялық қарыз алу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Яғни бұл 4,9 пайыздан әлдеқайда аз. Оның үстіне қарызға қызмет көрсету бойынша 800 млн доллар үнемдейтін едік. Одан бөлек EPC келісімшарты бойынша 200 млн доллар және үнемдедік. Станциялар мен вагондардың санын қысқарту арқылы 150 млн доллар үнемделді», - деді астана әкімі.