Фото: baq.kz
Қазіргі таңда елімізде 8 мыңан аса мектепте 4,1 миллион оқушы білім алуда. Биыл 341 мың бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданады. 11-ші – бітіруші сыныпқа 232 мың оқушы өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқу-ағарту министрі Ғ. Бейсембаевтың сөзінше жаңа оқу жылының ерекшелігі – орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізілетін болады. Ол үшін «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект интеграцияланды, этикалық стандарттары бекітілді. 1-11-сынып оқушыларына арналған Дэй-оф-эй-ай («Day of Al») онлайн курстары және педагогтерге арналған курстар әзірленді.
"Сондай-ақ, жаңа оқу жылынан бастап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Келешек мектептері» моделін басқару жүйесі іске қосылады. Осы мақсатта «Келешек мектептерін» басқарудың және аккредиттеудің стандарттары әзірленді, онда үш деңгейлі курстардан өткен 3 мыңнан астам педагог жаңа оқу жылында жаңаша жұмыс бастайтын болады", - деді министр.
Министрдің есебі бойынша қазіргі таңда 267 мың орынға арналған 232 мектеп салынуда. 1 қыркүйекте 115 мың оқушыға арналған 83 жаңа мектеп ашылады. Жыл соңына дейін 140 мың орынға арналған 111 мектептің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, биыл 190 мың оқушы оқитын 245 мектепті жаңарту жұмыстары жүргізілуде, оның 145-і – ауыл, 100-і – қала мектебі. 1 қыркүйекте 99 мың оқушыға арналған 127 мектепте реновация аяқталады.
"Бұл жұмыстарды уақытылы әрі сапалы жүргізу әкімдіктердің жауапкершілігінде. Қазіргі уақытта Алматы, Атырау және Абай облыстарында жұмыстарды күшейтуді қажет етеді", - дейді Бейсембаев.
Ауыл мектептері
2025 жылы 69 мыңнан астам оқушы білім алатын 1 мың ауыл мектебін модернизациялау жоспарланған. Қазіргі таңда бұл жоспар 733 мектепте немесе 73,3%-ға орындалды. Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында модернизациялау жоспарының толық орындалмау тәуекелдері бар.
Сонымен қатар, биыл 680 мектепке 1 100-ге жуық пәндік кабинет сатып алу жоспарлануда. Қазір 853 мектепте пәндік кабинет сатып алынып, жоспардың 77,5%-ы орындалды.
"Алматы, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында сондай-ақ Астана, Алматы қалаларында пәндік кабинеттерді сатып алу жоспарының толық орындалмау тәуекелі байқалады. Әкімдіктерден тиісті қаражат бөліп, межеленген жоспарларды жыл соңына дейін толық орындауды сұраймыз", - дейді Оқу-ағарту министрі Ғ. Бейсембаев сейсенбіде өткен Үкімет отырысында.
