«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, саяси кеңестің мүшесі Гүлнар Тойлыбаева, саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ләйлә Сағынғалиқызы, «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейбіт Төлеген және аудандық мәслихаттың депутаты Атлана Исаева бастаған топ Қарасай ауданы, Жамбыл ауылдық округінің «Жаңақұрылыс» ықшамауданында салынып жатқан мектеп құрылысының барысымен танысты.
Жамбыл ауылдық округінде 12 мың адам тұрады. Жыл сайын тұрғындар санының артуына байланысты балаларды мектеппен қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналуда. Қазіргі күні Жамбыл ауылындағы 600 орынды мектепте 1600 бала үш ауысымда білім алуда. Оның ішінде 600 оқушы өзге ауылдар мен саяжайлардан келеді. Сондықтан «Нұрлы Жол» бағдарламасына сәйкес жаңадан салынып жатқан 600 орынды мектеп жалпы жұртшылықтың қуанышына айналып отыр, – деді ауыл әкімі Бекзат Мыржиев қонақтарды ел жайымен таныстырып.
Тексеру тобының мүшелері ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумағы атшаптырым әсем ғимараттың ішін аралай жүріп, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Олар бірінші кезекте құрылыстың қаржымен қамтамасыз етілуін, оның орынды жұмсалуын, құрылыс жұмыстарының жоспарға сәйкес жүргізілуі мен «Қазақстандық мазмұн» бағдарламасына орай отандық материалдармен жасалынып, жабдықталуын жан-жақты сұрап білді. Мектепті салып жатқан «Құрылысшы ТБС» компаниясының директоры Батырхан Тоқтаев кездескен кедергілерге қарамастан ғимараттың белгіленген мерзімде, яғни 25 тамызда пайдалануға берілетінін жеткізді.
– Құрылыс жұмыстары сәл кешіктіріліп, өткен жылдың қыркүйек айында басталды. Бірақ біз бүгіндері қауырт қимылдай отырып, белгіленген кестеге сәйкес жұмыс атқарудамыз. Қазірдің өзінде мұнда жұмыстың 70 пайызы жасалынды. Құрылыста 182 адам екі ауысымда жұмыс істеуде. Үлкен еңбек ұжымының әрбір мүшесі өздеріне жүктелген міндетті сезіне отырып, қызметін сапалы атқарып келеді. Ендеше, қанша қысылтаяң болғанымен мектепті жаңа оқу жылы басталғанға дейін бітіреміз, – деді Батырхан Сыдықұлы.
Айтса айтқандай, бүгіндері мектеп құрылысына бөлінген 1 млрд. 737 млн. теңгенің 610 млн. теңгесін игеру ғана қалған. Ғимараттың ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, 2,5 шақырымнан электр желісі, 1,5 шақырым жерден газ құбыры тартылып, қосуға дайындалып қойылған. 280 метр тереңдіктен ұңғыма арқылы таза су шығарылып, өртке қарсы су сақтайтын резервуар да пайдалануға дайын тұр.
Осы және өзге де жұмыстармен таныса келіп комиссия мүшелері «Кедергісіз келешек» бағдарламасына сәйкес мүгедек жандардың жүріп-тұруына арналған арнайы құрылғылардың толық назарға алынбағанын ескертті. Атап айтқанда, ғимаратқа кіретін пандустар бар болғанымен олардың төбесіндегі шатыры, мүгедектер арбасы сиятын дәретхана ойластырылмаған болып шықты. Құрылыс басшылары ресми рұқсат беріліп, қаржы қарастырылған жағдайда аталған мәселелердің тез шешімін табатынын айтты. Орындалуы оңай осындай олқылықтар болмаса, құрылысшылардың жұмысы қарқынды екенін көрген қонақтар риза көңілмен сәттілік тілеп аттанды.
Қуат Қайранбаев