26 сәу, 2022 сағат 17:26

Жаңа Қазақстанды құру үшін батыл өзгерістер жасауымыз керек - Президент


Конституциялық реформа – Тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес. Бұл туралы AMANAT партиясының съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен жұма күні Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесімен айналысып жатқан жұмыс тобының мүшелерімен кездестім. Бұл топ қысқа мерзім ішінде көп іс тындырды. Заңгер ғалымдар Ата заң баптарының үштен біріне енгізілетін өзгерістердің жобасын әзірледі. Осылайша, біз өте жауапты әрі айрықша маңызды кезеңге қадам бастық. Шын мәнінде, конституциялық реформа – Тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес. Мұның бәрі уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отыр. Біз Жаңа Қазақстанды құру үшін батыл өзгерістер жасауымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Осы орайда Президент бұл өзгерісті әркім өзінен бастауы қажет екенін қадап айтты. 

«Ең бастысы, оны нақты іспен көрсете білуге тиіс», - деді Мемлекет басшысы. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгіннен бастап Президенттің AMANAT партиясының төрағасы ретіндегі өкілеттігі тоқтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT партиясының төрағалығына Ерлан Қошановты ұсынды.