22 ақп, 2022 сағат 20:05

Жаңа Қазақстан: Қоғамдық-саяси қатынастар дамуының жаңа бағыты қандай болмақ – сарапшылар пікірі


Бүгінде қазақ қоғамында Мемлекет басшысы жария еткен «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы қызу талқылану үстінде. Бүгінде Орталық коммуникациялар қызметінде бас қосқан елімізге есімі танымал сарапшылар, саясаттанушылар, үкіметтің емес ұйымдардың жетекшілері дәл осы тақырып төңірегінде сөз қозғап, өз ойларымен егжей-тегжейлі бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шара барысында ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет қаңтар оқиғаларынан кейін азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы жаңа қоғамдық келісімге, азаматтық қоғаммен байланыс мәселесіне қатысты көптеген талқылау жүріп жатқанын атап өтті. 

«Қазіргі уақытта қоғамдық байланыстың бірнеше түрі бар. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында көптеген іс-шара іске асырылып жатыр. Оның ішінде қоғамдық кеңестер жұмысы да бар. Сонымен қатар 2 жыл бұрын қабылдаған бейбіт шерулерге қатысты заң, басқа да іс-шаралар іске асқаны. Дегенмен бұл жұмыстардың қажетті деңгейде дұрыс немесе нәтижелі емес екендігін осыдан 1 ай бұрын болған қаңтар оқиғалары дәлелдеп берді. Сондықтан бұл саланы дамыту өте өзекті болып отыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл бағыттағы жұмысын ары қарай жалғастырады. Оның ішінде келіп жатқан көптеген ұсынысты жүйелендіріп, оны үлкен құжат ретінде қабылдау әрі іске асыру негізгі мәселелердің бірі», - деді комитет төрағасы. 

Ал «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазыбек Майгелдинов қаңтар оқиғаларынан сабақ алуымыз қажеттігін айтады.

«Қаралы қаңтар оқиғасының басты маңызы – бұл меже. Яғни, бұған дейін болған қандай да бір саяси қателіктер, билік қателіктері бізге сабақ болып қалады. Енді осы сабақты ескере отырып, «Жаңа Қазақстан» құруға кірісуіміз қажет. Қазір қаңтар оқиғаларына қатысты баға беру көбейіп тұр. Меніңше, баға беруге әлі ерте. Бірақ, сабақ алуымыз қажет», - деді ол. 

Сонымен қатар ол Президенттің сол кезде шұғыл шешім қабылдауы қажет болғандығын баса айтады. 

«Өйткені, біздің саяси тұрақтылығымыздан бөлек мемлекеттігімізге үлкен нұқсан келетін еді. Мысалы, бейбіт заманда 200-ден астам адамның өлімі - үлкен қасірет. Бұған қоса, қанша ғимарат өртеніп, бизнеске шығын келтірді. Оның бәрін кім істеді? Бейбіт шерушілер ме? Жоқ. Бұл сұраққа тікелей жауап беруіміз керек. Әр бұзақылықтың, әр қылмыстың артында оған кінәлі адамдар тұрады. Сондықтан Президент айтқандай, бұл кінәлі адамдарды тауып, кім екенін анықтау үшін уақыт керек. 1-2 ай аз уақыт. Біз әділет іздеп жүріп, әділетсіздікке бой алдырмауыз қажет. Кінәсіздік презумпциясы деген бар. Кез келген адамды айыптау үшін нақты дәйек, дәлел болуы тиіс. Сол кезде ғана ол айыпталушыдан айыптыға айналады. Сондықтан асықпауымыз қажет»,- деді Қазыбек Магелдинов.

Спикер елімізде партиялар көп болуы тиіс дейтіндердің ойларына қатысты да пікірін білдірді. 

«Көршілес Қырғызстанға қараңыздар. Оларда 200-ден астам партия бар. Ал 200-ден астам партия бола тұра Қырғызстанның саяси тұрақтылығы жайында айта аламыз ба? Жоқ. Біз әр нәрсеге салыстырмалы түрде қарауымыз керек. Мажоритарлық-пропорционалды жүйе қажет шығар. Оған сұраныс бар. Әсіресе, жергілікті атқарушы органдарды сайлау керек. Кешегі қаңтар оқиғасында көптеген әкімдер халық алдына шыққан жоқ. Шыққанның өзінде әкімдерге сыйластық болмады. Неге? Өйткені, оларды халық сайламады. Екіншіден, әкімнің халық алдындағы жауапкершілігі мен міндеті болған жоқ», - деді сарапшы.

Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі, Жастар ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Элина Паули «Жаңа Қазақстан» дегеніміз - қоғамдық институттар мен үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық қоғам құрудағы батыл бастамаларының жүзеге асуы екендігін алға тартады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда Мәжілісте сөйлген сөзінде «Жаңа Қазақстан» құруға үндеген болатын. Бұл дегеніміз мемлекеттік аппараттың толық жаңаруы немесе ел экономикасының қайта түрленуі ғана емес. Бұл - бірінші кезекте қоғамдық трансформация. Жаһандану үдерісінде мемлекетіміздің өзіндік бейнесін жоғалтпай салт-дәстүр мен жаңашыл трендтер, рухани мәдениет пен жаңа технологиялардың сабақтасып, әлем мойындаған отыздыққа енуге нық қадам жасай алуымыз - эволюциялық дамудың айқын бейнесі және қоғамдық сананың сілкінісі. «Жаңа Қазақстан» дегеніміз - қоғамдық институттар мен үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық қоғам құрудағы батыл бастамаларының жүзеге асуы, әлеуметтік қордаланған мәселерді ақылмен шешіп, ел әл-ауқатының едәуір жоғарылауын, зияткер жастардың тың ойларының қолдау тауып, елдегі жаңа технологиялық үдерістердің ілгерілеуі. Біз осындай мемлекет құруға ынталы болуымыз керек», - деді ол. 

Элина Паули Қазақстан халқы 19 млн адамға жеткеніне, оның 3,7 млн-нан астамын 14 пен 28 жас аралығындағы жастар құрайтындығына назар аудартады. 

«Бүгінгі жастардың көзқарасын өзгерту керек деп ойлаймын. Осы жұмысты мектептен бастау керек. Жоғары мектептің маңызды міндеті кәсіби кадрларды даярлау. Бас прокуратура мәліметі бойынша қаңтардағы бүлікке қатысқандардың арасында жоғары білімі және тұрақты жұмыс орны жоқ 30 жасқа дейінгі жастар басым болды. Соңғы 20 жылда елдегі NEET жастар үлесінің көрсеткіші 18 пайыздан 7 пайызға дейін төмендеді. NEET санатындағы жастар – бұл жұмыс істемейтін, оқымайтын жастар. Бірақ, осы тұрғыда әлі де мәселелер бар. Соңғы 5 жылда жұмыссыздық деңгейінің 4,1 пайыздан 3,8 пайызға дейін төмендегені байқалады. Бірақ, біздің жастардың арасында жалақысы төмен жастарымыз да бар. «Олардың саны қанша? Олардың өмірі қандай» деген сұрақтар туындайды. Менің ойымша, тәрбие, білім беру және адал еңбек ету бағыттарын жастар арасында дамыту керек. Бүгінде мемлекет біз үшін барлық жағдай жасап отыр. Қорыта айтқанда «Жаңа Қазақстан» зияткер ұрпақ, білімді жас, ізденімпаз және жасампаз азамат деген түсінікке сай болуы тиіс», - деді орталық директорының орынбасары. 

Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева еліміздегі үкіметтік емес ұйымдарға ерекше мәртебе, өзара іс-қимылдың бірыңғай платформасы, барлық мемлекеттік қаржыландырудың және өзге де қаржылық қолдаудың ашықтығы қажет екендігін айтады.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде екінші жыл қатарынан Мемлекет басшысы деңгейінде азаматтық қоғамның жай-күйі жайында баяндама дайындау болған емес. Жекелеген бөліктермен емес мұндай толыққанды баяндама проблемаларға, перспективаларға және әлеуетке қатысты шолумен тұрақты түрде жасалуы тиіс. Бұл халық үніне құлақ асатын мемлекет идеясын іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді Бану Нұрғазиева.