18 қаз, 2016 сағат 20:18

Жаңа индустрияландырудың жарқын жолы Шығыстан басталған

Елбасы Қазақстанның алтын тәжі атаған Шығыс Қазақстан еліміздегі жаңа индустрияландыру дәуірінің алғашқы қадамы жасалған аймақ болуымен ерекше. Қазақстандағы 30 серпінді жобаның бірі - «Жаңа металлургия» жобасы Өскемендегі «Қазцинк» компаниясында осыдан сегіз жыл бұрын алғаш қолға алынып, 2010 жылы облыс орталығында дүние жүзіндегі ең озық технологиямен салынған мыс зауыты іске қосылып, елдегі ең бірінші серпінді индустриялық жобалардың бірі жүзеге асырылды. 

Қазақстан Президенті сапасы аса жоғары мыс өндіруге мүмкіндік берген жаңа зауытқа «Жаңа металлургия» - Қазақстанда басталып жатқан индустриялық саясаттың жарқын мысалы, индустрияландыру жолымен алынған қазақстандық ең алғашқы жаңа, түпкі өнім» деген баға берді.

Қазіргі күні облыстың индустрияландыру картасына сомасы 1 триллион 159,9 млрд. теңге болатын 82 жоба енгізіліп отыр. Жобалардың 75 пайызы жоғары қайтарымды. Аймақтың инвестициялық белсенділігін айқын көрсетіп отырған бұл жобалар 19 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Өткен жартыжылдықтың қорытындысы индустриялық жобалардың 27-сі 90 пайыздан жоғары қуатында жұмыс істеп жатқанын көрсетіп отыр. Тоғыз жоба негізгі қуатының 50-90 пайыз көлемінде, екі жоба жартылай қуатында жұмыс істеп жатыр. 

Индустрияландыру картасының іске асырылуы кезеңінен бастап өңірде 236 млрд. теңгенің 48 жобасы жүзеге асырылып, жеті мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Картаға енгізілген жобалар бойынша биылғы жылдың алты айы ішінде 83,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 3,7 млрд. теңгенің салығы мен төлемі түскен.

Тәуелсіздік жылдары ішінде, әсіресе индустрияландыру картасы қолға алынған индустриялды-инновациялық стратегиямыздың жүзеге асқан алғашқы бесжылдығында елімізбен бірге облыста ЖІӨ көрсеткіші ұлғайып, өндірілген өнімнің шетелге экспортталуы артты. Облыстағы «Қазцинк», «Өскемен ТМК» сияқты ірі кәсіпорындардың түпкі өнімдері, «Азия Авто», «СемАЗ», «Өскемен құс фабрикасы», Өскемен арматура зауыты, «Қазақцемент» өндірісін ұлғайтып, қайта жарақтандырылған тағы да басқа шағын және орта кәсіпорындардың жаңа өнімдері, жоғары технологиялы өндірістері өңір экономикасының дамуына, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына үлкен ықпал етті. Жыл сайын ашылып жатқан, заманауи жаңа технологияларға көшіп жатқан мұндай кәсіпорындар туралы газет бетінде «Индустрияландыру картасы» атты айдармен үнемі жазылып келеді.

Облыстың индустрияландырудың жаңа деңгейіне көтерілуіне аймақтағы кәсіпорындардың инновациялық жобалары айрықша серпін беріп отыр. Қазақстан Президенті тапсырып отырған инновациялық өндірістер құру, жаңа бастамаларды қолдау шаралары тәуелсіздік жылдарында қол жетіп отырған ең басты экономикалық жетістіктердің, құндылықтардың бірі деп айтуымызға болады. Кез келген ұжым, кәсіпорын, өңірдегі кез келген кәсіпкер өзінің жаңа бастамасын, кәсібін ұсынып, ашып қана қоймай, мемлекет тарапынан қолдау көріп отыр. Былтыр Шығыс Қазақстан кәсіпорындарының инновациялық белсенділігі республикалық орта көрсеткіштен төрт пайызға жоғары болды. Біздің облыс инновациялық белсенділігі жағынан Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші орында тұр. Бұл - аймақта Қазақстан экономикасының өркендеуіне алғышарт болып отырған сұранысқа сай жаңа өнімдердің шығарылып жатуының, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа өндірістердің ашылып отыруының, тың идеялар мен болашағы баянды жобалардың жүзеге асырылып жатқандығының жарқын дәлелі.

Аймақта индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын тиімді жүргізіп, экономиканы өркендетуге әлеуетті инвесторлар іздестіру жұмыстарын ширатып, инвестициялық жағдайды жақсарту үшін қаңтар айында облыс әкімінің нұсқауымен инвестиция тарту жөніндегі аймақтық кеңес құрылды. Қазір кеңес өңірдегі әзір тұрған жобаларға қаржы салатын бизнесмендермен, компаниялармен келіссөз жүргізумен қатар жаңа жобалар даярлау бағытында жұмыс істеп жатыр. Жаңа индустрияландырудың жарқын жолы басталған Шығыста ел экономикасын өркендетер жобалар индустрияландырудың екінші бесжылдығында да азаймақ емес.


Жанаргүл Көкенай, "Дидар" газеті