15 сәу, 2026 сағат 15:59

Жаңа банкроттық тәртібі: Қарыз кешіріле ме, әлде тек қағаз жүзінде ме?


Фото: fingramota.kz

Кредитті тексерусіз есептен шығару тәртібінің жаңа шарттарын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы Мәдина Әбілқасымова түсіндірді, деп хабарлайды Ult.kz.

Қолданыстағы ережеге сәйкес, мерзімі өтіп кеткен кредитті есептен шығару үшін екі негізгі талап бар. Біріншісі – борышкердің ай сайынғы табысы 2 ең төменгі жалақыдан аспауы тиіс (2026 жылы бұл шамамен 170 мың теңге). Екіншісі – оның атына тіркелген мүліктің болмауы қажет.

Алайда қарыздың төлеу мерзімі 5 жылдан асып кеткен жағдайда бұл талаптар қолданылмайды. Яғни азамат тек өтініш берсе жеткілікті, табыс пен мүлікке қосымша тексеріс жүргізілмей, кредитті есептен шығару мүмкіндігі қарастырылады.

«Егер қарыз 5 жылдан асса, азамат екі шартқа сай болуы міндетті емес. Өтініш берсе болды, кредит есептен шығарылуы мүмкін. Табыс пен мүлік те тексерілмейді», – деді Әбілқасымова Мәжілістегі брифингте.


Сонымен қатар агенттік басшысы проактивті банкроттық тетігі енгізіліп жатқанын да атап өтті. Бұл жүйе іске қосылған жағдайда, банкрот болуға үміткер азаматтарға мемлекеттік органдар SMS-хабарлама жіберіп, банкроттық рәсімін бастауға ұсыныс береді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда мұндай рәсімге өз еркімен жүгінетін азаматтар саны аз, сондықтан жаңа тәсіл азаматтарға процесті жеңілдетуге бағытталған.