14 сәу, 2026 сағат 16:05

Мобильді аударымдар тексерісі: қазақстандықтарға салық хабарламалары мамырда келеді

Фото: gov.kz

Қазақстанда мобильді аударымдарды тексеру нәтижесі бойынша азаматтарға салық органдарынан хабарламалар жіберіле бастайды. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Оның айтуынша, екінші деңгейлі банктер қазақстандықтардың қаржылық операциялары туралы мәліметтерді Мемлекеттік кірістер органдарына жолдай бастады. Бірінші тоқсан бойынша деректерді беру 15 сәуірде толық аяқталады.

Осыдан кейін салық органдары алынған мәліметтерді талдап, камералдық бақылау аясында тексеріс жүргізеді. Негізгі мақсат — салық салуға жататын мобильді аударымдарды анықтау.

Тексеру барысында келесі үш негізгі критерий ескеріледі:

100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан түскен аударымдар;
қатарынан 3 ай бойы тұрақты түсуі;
жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден асуы.


Вице-министрдің айтуынша, мәліметтер толық жиналғаннан кейін салық төлеушілерге хабарламалар жіберіледі, ал оларды орындау мерзімі — 30 жұмыс күні.

«15 сәуірге дейін барлық деректерді аламыз. Одан кейін камералдық бақылау рәсімін іске қосып, хабарламалар жолдаймыз. Қазақстандықтар хабарламаларды мамыр айында алады», – деді Ержан Біржанов.


Шенеунік нақты қанша адам тексеріске ілінетінін алдын ала айту ерте екенін де атап өтті.