Фото: ашық дереккөз
Қазақстан мен Түркия арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 25%-дан астам өсіп, шамамен $360 млн-ға жетті, сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенде $1 млрд-тан астам сомаға бірлескен инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Ult.kz ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлына сілтеме жасап.
Вице-министр атап өткендей, екі ел арасындағы ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие және тұрақты өсімді көрсетіп келеді. Түрік нарығына қазақстандық экспорттың негізін дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар құрайды. 2025 жылы бұршақ дақылдарын жеткізу 395 мың тоннаға жетті. Ермек Кенжеханұлы Қазақстан осы өнімнің экспортын ұлғайтуға ниетті екенін атап өтті. Бұл, соның ішінде егіс алқаптарын әртараптандырумен және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісінің ұлғаюымен байланысты.
«Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында біз дәнді-бұршақты дақылдар үшін егіс алқаптарын ұлғайтып жатырмыз. Сондықтан түрік тарапымен келіссөздер шеңберінде дәнді-бұршақты дақылдарды жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын екенімізді мәлімдедік. Жалпы, түрік серіктестер тарапынан қызығушылық бар және ортақ ынтымақтастық аясында біз осы бағытта одан әрі жұмыс істейтін боламыз», — деп атап өтті ол.
Сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау бөлігінде де үлкен әлеует бар. Қазіргі уақытта қазақстандық сиыр етін жеткізу үшін түрік нарығын зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Вице-министрдің айтуынша, бұл шетелдік нарықтарда отандық өнімнің қатысуын едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді.
Екіжақты ынтымақтастықта инвестициялық өзара іс-қимыл маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары Қазақстан мен Түркия шамамен $400 млн болатын 10-ға жуық жобаны жүзеге асырды. Бұл негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуді, сондай-ақ кондитерлік өнімдер шығаруды қамтиды.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
«Қазіргі уақытта біз құны $2 млрд болатан бес ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жобалар өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласында 500 гектар алаңдағы "Alarko Holding" компаниясының жылыжай кешені. Жобаның бірінші кезеңі іске қосылды, бүгінгі таңда аталған жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылуда», — деді Ермек Кенжеханұлы.
Астанада Tiryaki Agro корпорациясы тағы бір жобаны жүзеге асыруда, бұл – қуаты жылына 250 мың тонна астықты терең өңдеу зауыты. Жоба терең өңдеуді және жалпы қайта өңдеу секторын дамытуға, өнімнің қосылған құнын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ Алматыда Iskefe Holding компаниясы тамақ өнеркәсібіне арналған желатинді қоса алғанда, жылына 7 мың тоннаға дейін өнім шығара отырып, мал терісін терең өңдеу жобасын жүзеге асыруда.
Вице-министр тараптар жаңа бастамаларды талқылауды жалғастырып жатқанын айтты. Атап айтқанда, түрік компаниясының қатысуымен қант зауытын салу туралы келіссөздер жүргізілуде.
Бұдан басқа, Қазақстан мен Түркия аграрлық ғылым, білім беру және ғылыми-техникалық әзірлемелер саласындағы ынтымақтастықты дамытуда. Өзара іс-қимыл ғылыми-зерттеу институттары мен аграрлық университеттер деңгейінде жүзеге асырылады.
