Биыл Алматыда «Жаңа Алматы» кешенді жоспары қала шетіндегі мәселені шешуге ғана емес, экономикалық жағынан өсуге де бағытталды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала әкімінің мәліметінше, жоспарға сәйкес биыл қалада 286 жоба жүзеге асырылып жатса, 73-ін алдағы уақытта жасау қарастырылған. «Кешенді жоспар аяқталған соң қала тұрғындарының негізгі қажеттіліктері шешімін табады. Яғни, орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру жүйесі, үздіксіз энергия мен газбен толық қамтамасыз етіледі», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, «Жаңа Алматы» жобасы аясында Алматының Алатау ауданында инженерлік желілер мен жаңа жолдар салынып жатқанын жазған болатынбыз. Ол кезде Алатау ауданы әкімінің орынбасары Әділет Тоқтасынов егер жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, 2024 жылға қарай инженерлік желілер мәселесі толығымен шешілетінін мәлімдеген еді.
