05 ақп, 2021 сағат 14:19

Жаңа әліпби нұсқасында сын да, сұраныс та ескерілген - Ерлан Сыдықов

Қазақстанның жаңа әліпби жобасының мұраты – қазақ тілін жаңғырту талабынан, Қазақ елін мекендеген этнос өкілдерінің толеранттылық қағидаттарынан туындайды. Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сонымен бірге мұнда отандық тіл білімі академиялық мектебінің ұстанымы мен бай тәжірибесі ескерілген. Қоғамдағы түрлі буын арасындағы талап-тілек - аға буынның парасаты мен жас буынның жаңашылдығы үйлескен. Біз, жоғары мектеп өкілдері, соның ішінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары, елге ортақ іске бірінші күннен интеллектуалдық әлеуетімізбен атсалыстық. Білікті мамандарымыз жауапты тіл орталықтарымен бірге фонология, орфография, грамматология қағидаттарын қатаң ұстанды. Ең бастысы, тіл – тек коммуникация құралы емес, сан ғасырлық мәдениет кодының көрінісі, рухани қазынаның арқауы ретінде қарастырылды. Осыған сай қазақ әліпбиінің тек-тамырындағы табиғилық, өсімталдық, жасампаздық негіздер ескерілді», - деді Е. Сыдықов. 

Ректордың айтуынша, жаңа әліпби жобасы білім алушылар мен білім берушілердің ортасында, ғылыми-шығармашылық үдерісте сынамадан – апробациядан өтті. Қоғамда талас тудырған қайсыбір әріптер әбден жетілдіріліп, көз, бейне, жад, салыстыру қалпына салынып, жан-жақты талданды. 

«Жаңа әліпби нұсқасында сын да, сұраныс та ескерілген. Бұл – табиғи үдеріс. Тілші ғалымдар, тәжірибелі оқытушы-мұғалімдер қауымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Тіл мамандары жаңа әлібиді жетілдіруі керек!» тапсырмасының үдесінен шықты деуге негіз бар», - деді ғалым. 

«Осы ретте маман даярлайтын, ғылыми мектеп қалыптастыратын жауапты орындар мен мекемелер мынаны ескерсе дейміз: тіл де, әліпби де – жанды ағза. Ол жетілу үстінде дами береді. Сондықтан ендігі жерде таза тілдік, орфографиялық проблемаларды бірыңғай кәсіби ортада, ғылыми журналдарда талқылауды тәжірибеге қайта енгізсек. 

Атап айтқанда, ғылымның басты қағидаты – нормалау яки біріздендіру. Біздіңше, осыған дейін сыналған диграф, акут т.б. әліпбилік ерекшеліктер – нормалану жолындағы ізденістер. Жалпы қауымға түсінікті болу үшін осы жағын баса айтсақ. Бұдан бөлек, бізде классикалық тіл білімі ғылымының мамандары жылдан-жылға азайып барады. Кемді толықтыру және барды арттыру үшін «Тіл ғылымы» атты кешенді бағдарлама қабылдауды ұсынамыз», - деп атап өтті Ерлан Сыдықов. 

Айта кетейік, өткен аптада ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді. 

Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған. Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.