05 ақп, 2026 сағат 16:10

«Көмір дымқыл болған»: Сарыбастаудағы қыстауда бір әулет қаза болды

Фото: Qonaevtv.kz

Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылындағы қыстаулардың бірінде бір отбасының төрт мүшесі көз жұмды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы жағдайға улы газдан улану себеп болуы мүмкін. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмаған, деп хабарлайды Ult.kz.

Құқық қорғау органдарының дерегінше, марқұмдардың қатарында 1955 және 1974 жылы туған екі ер адам, 1984 жылғы әйел және бір жарым жасар сәби бар. Отбасы қыстауда тұрған. Туыстары екі күн бойы хабарласа алмаған соң, үйіне барып, барлығының жансыз денесін тапқан.

Оқиға орнына аудандық полиция қызметкерлері шақырылып, мәйіттер сот-медициналық сараптамаға жолданды. Қазіргі таңда құзырлы органдар істің барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіп жатыр.

Қаза тапқандардың туысы, қала тұрғыны Ерқанат Ақылдосов отбасының соңғы күндері жайлы мәлімет берді.

«Туыстарымыз ауылға ең соңғы рет 30 қаңтарда келген. Сол кезде көліктеріне жанармай құйып алғанын айтқан еді. Ал 31 қаңтарда отбасы мүшелерінің бірінің туған күні болған», – дейді ол.


Оның айтуынша, қайғылы оқиға күні үйді жылыту барысында ақау туындауы ықтимал.

«Кешке қарай пеш жаққанда көмірдің дымқыл болғаны байқалған. Соның салдарынан пеш дұрыс жанбай, түтін шығуы мүмкін. Марқұмдарды тапқан туыстарымыз үй ішінде түтін иісі қатты сезілгенін айтты», – деді Ерқанат Ақылдосов.


Отбасының нақты неден қаза тапқаны сот-медициналық сараптама мен тергеу нәтижелері шыққан соң белгілі болады.