05 қыр, 2021 сағат 19:32

Жамбылдағы жарылыс: 29 тамызда оқ-дәрі қоймасында болған тарсылдан ешкім зардап шеккен жоқ


ҚР Қорғаныс министрлігі 29 тамызда Жамбыл облысындағы жарылыс болған оқ-дәрі қоймасында тарсыл дыбысы естілгенін, онда үш әскери қызметші болғанын растады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«29 тамыз күні сағат 12:20-да Жамбыл облысындағы жарылыс болған оқ-дәрі қоймасының орнында расында да тарсыл дыбысы естілді. Бұл жөнінде дереу ресми ақпарат берілді. Сол сәтте қойма аумағында үш адам болған. Профилактикалық мақсатта олар Тараз қаласындағы әскери госпитальға тексерілуге жіберілді. Дәрігерлер әскерилерді қарап, еш жарақат-зақым таппады. Тексеруден кейін әскери қызметшілер қызметіне оралды», - деп түсіндірді Қорғаныс министрлігі. 

Қазіргі уақытта 26 тамызда өрт пен жарылыстар болған әскери бөлімнің айналасын тазарту жұмыстары жалғасуда. 

«Бұл шаралар барысында қауіпсіздік шараларын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылады. Осы жұмыстарды жүргізуге тартылған әскери қызметшілер арнайы қорғаныш костюмдерінде жұмыс істейді», - дейді министрлік. 

Естеріңізге сала кетсек, 26 тамызда сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жойқын жарылыс болды. Соңғы мәлімет бойынша, Жамбыл облысындағы жарылыстан 15 адам қаза тапқан.