17 қар, 2021 сағат 10:49

Жамбылда 92 мыңнан астам бала Pfizer вакцинасын салдырады


Таразда 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді, сондай-ақ жүкті және бала емізетін әйелдерді Pfizer Comirnaty препаратымен вакцинациялау науқаны басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес Comirnaty BioNTech/Pfizer вакцинасымен иммундау басталды. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, 11 қарашада Жамбыл облысына 40 950 доза вакцина жеткізілді.

Бұл препаратпен 12-17 жастағы балалар және 16-дан 37 аптаға дейінгі жүкті әйелдер, сондай-ақ емізетін аналар егіледі. 

21-28 күннен кейін вакцинацияның екінші кезеңі жүргізіледі. Осы уақытқа дейін халықтың нысаналы топтары арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілген. 

Бұл жұмыстар жалғасуда. 

«Жасөспірімдерді вакциналау балалардың ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жазбаша ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізілетінін атап өткен жөн. Біздің облыста Pfizer вакцинасымен 139 230 адамды вакциналау жоспарланған. Оның ішінде 92 960 адам - 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер, 46 270 - жүкті және бала емізетін әйелдер. Жақын арада өңір бойынша 441 білім мекемесінің медициналық пункттерінде вакцинация жүргізіледі»,-деді басқарма басшысы. 

Сондай-ақ, Әсет Қалиев 22 қарашада ревакцинация басталатынын атап өтті.

«Біз вирустың штаммының мутацияланғанын көріп отырмыз, сондықтан, ең алдымен, 65 жастан асқан қарт адамдарға, иммундық жүйесі әлсіреген адамдарға, сондай - ақ алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне, білім беру мекемелері мен ішкі істер қызметкерлеріне ревакцинация жасауды ұсынамыз»,-деді ол.

Жалпы, өңірде коронавирусқа қарсы вакцинамен барлығы 631 300 адамды қамту жоспарланған. 

Қазіргі уақытта облыстың 576 мың тұрғыны егілді, бұл 91%-дан асады.