Қазақстанның Жамбыл және Өзбекстанның Әндіжан облыстарының ауыл шаруашылығы саласының өкілдері өзара тәжірибе алмасуда.
Бұл туралы Ташкенттегі Өзбек-Қазақстан Іскерлік кеңесінің отырысында Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталмыш басқосуда Олжас Қаржауов соңғы жылдары Өзбекстандағы мал шаруашылығының белсенді дамып келе жатқанын, соған қарай мал азығына деген сұраныстың да артқанын тілге тиек етті.
«Жамбылдағы «Good zhem» ЖШС құрама және концентрацияланған жем-шөп өндіретін ең ірі кәсіпорындардың бірі десек, ондағы өндірілген өнімнің 74 пайызы Өзбекстанға экспортталады. Бұл үш мың тоннадан астам өнімді құрайды. Осы орайда мен жем-шөп өңдейтін бірлескен кәсіпорындар құруды ұсынамын», - деді О.Қаржауов.
Сондай-ақ, Өзбекстаның жеміс-көкөніс және бақша дақылдарын өсіру бойынша бай тәжірибесін атап өткен палата директоры Жамбыл және Әндіжан облыстарының шаруаларымен өзара тиімді тәжірибе алмасу бойынша жұмыстың жолға қойылғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Жамбыл облысы аумағында питомниктер жүргізу мақсатында анар, бадам, жүзім және лимон сияқты жоғары маржиналдық дақылдардың көшеттерін жеткізу бойынша уағдаластық орнатылған болатын.
Өз кезегінде, Өзбекстанның сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Адхам Икрамов бірлескен жобаларды құруға қызығушылық танытып, оларды жүзеге асыру үшін барлық жоспарлы жұмыстар барысы зерделенетін жеткізді. Ол туралы алдағы кездесулерде егжей-тегжейлі талқылауды ұсынды.