27 там, 2021 сағат 23:44

Жамбыл облысындағы жарылыс салдарын жоюға саперлер мен кинологтар атсалысып жатыр


Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері жарылыс салдарын жою үшін кинологтар мен саперлерді тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оқиға орнында саперлер мен иісшіл иттері бар кинологтар жұмыс істеп жүр. Өнеркәсіптік, сауда және тұрғын үй объектілері мұқият тексерілуде. Ауданға апаратын автожолдар әлі де жабық. Тек арнайы қызметтердің көліктері ғана кіре алады. Полицейлердің нақты және үйлесімді әрекеттерінің арқасында адамдарға уақтылы көмек көрсетілді, олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ», - деп хабарлады департамент мамандары.

Еске салсақ, Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқандар саны 12 адамға жеткен болатын. 

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, Тараз қаласының стационарларында ем алып жатқан зардап шегушінің бесеуі реанимацияда, екеуінің жағдайы ауыр.