14 жел, 2020 сағат 15:42

Жамбыл облысында үш күнде борышкерлерден 22,5 млн теңге өндірілді

Жамбыл облысының полицейлері борышкерлерден үш күнде мемлекет кірісіне 22,5 миллионнан астам теңге өндіріп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жамбыл облысының аумағында «Борышкер-2020» жедел алдын алу іс-шарасы өтті. Шара салынған әкімшілік айыппұлдарды уақтылы өтеу қажеттілігі туралы халықты хабардар ету мақсатына негізделді. 

Жолдардағы рейдтер кезінде полиция қызметкерлері арнайы автокөліктерде орнатылған «Автоураган» жүйелерінің көмегімен тиісті деректер базасы бойынша жүргізушілерді тексерді.

 

«Айыппұлды қасақана төлемеушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды. Жедел-алдын алу іс-шарасының нәтижелері бойынша борышкерлерден өндіріп алынған сомма 22 миллион 636 мың теңгені құрады. Сот орындаушыларының қаулылары бойынша 81 автокөлік құралы арнайы тұраққа орналастырылды», - делінген облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жамбыл облысының Полиция департаменті әкімшілік айыппұл салынған жағдайда, жеті тәулік ішінде көрсетілген соманың 50 пайызын төлеуге болатынын, ал бұл мерзім өтіп кетсе айыппұлды толық көлемде төлейтінін еске салды.