28 қаз, 2020 сағат 18:18

Жамбыл облысында карантинге қарамастан той-томалақ тыйылмай отыр

Жамбыл облысында карантин шектеулерін сақтау бойынша рейд жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жамбыл облысының полиция қызметкерлері бір тәулік ішінде Тараз қаласындағы 40 адамға арналған жылын беру, Жуалы ауданындағы 50 адамға арналған үйлену тойын, Қордай ауданындағы 35 адамға арналған туған күнді, Шу қаласында отбасылық мереке және 65 адамға арналған мерейтойды анықтап, тоқтатты. 

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша карантин режимі кезінде жаппай отбасылық іс-шараларға тыйым салынғанымен, карантин шектеуін елегісі келмейтіндер қатары азаяр емес.

«Кеше облыстық полиция қызметкерлері көптеген азамат бас қосқан алты мерекелік және еске алу шарасын анықтап, маска режимін бұзуға қатысты 17 факті тіркеді. Сонымен қатар дүкен, дәріхана, асхана, мал базарлары мен кафе-бар иелерінің арнайы талаптардың бұзылуына жол бергендігі белгілі болды. Алты ойын-сауық мекемесінің иесіне және 17 жеке кәсіпкерге, сондай – ақ өзге де жеке тұлғаларға қатысты ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолдау үшін материалдар жиналды», - деді Жергілікті полиция басқармасының бастығы Рахымберді Әшкеев. 

Айта кету керек, бір тәулік ішінде мобильді топ 177 кәсіпкерлік нысанды тексеріп, карантин режимін бұзуға қатысты 23 факті анықтаған.