11 нау, 2022 сағат 11:37

Жамбыл облысында 90 млн теңгеге криптовалюта өндірген майнинг фермалар анықталды


Жамбыл облысында екі заңсыз майнинг фермалары анықталды. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаментінің қызметкерлері ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің қызметкерлерімен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барасында екі заңсыз майнинг фермаларын анықтады. Олардын біреуі Техникалық жөндеу орталығының ғимаратында ұйымдастырылған және электрмен жабдықтау желілеріне технологиялық байланысты сақтамай қосылған.

«Тінту іс-шараларын жүргізу барысында криптовалюталарды өндіруге арналған 80-нен астам жабдық табылып, тәркіленді.

Құқыққа қайшы қызметті жүзеге асырудан түскен кіріс сомасы 30 млн теңгеден астам қаржыны құрайды.

Екінші ферма ЖШС аумағында орналасқан, басшысы шетел азаматы. Екінші ферманың кіріс сомасы 60 млн теңгеден астам қаржыны құрайды.

Қазіргі уақытта, ҚР ҚК-нің 214-бабы (заңсыз кәсіпкерлік қызмет) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінде.