16 қаң, 2021 сағат 00:13

Жамбыл облыстық мәслихатының құрамы 76,7 пайызға жаңарды

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалында жаңа шақырылған облыстық мәслихаттағы партия фракциясының алғашқы отырысы өтті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жиынды партияның Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, жүргізіп отырды. Бұл туралы партия филиалының баспасөз қызметі хабарлады. 

Бұл жолы сайланбалы органның 36 депутатының 30-ы «Nur Otan» партиясынан сайланды. Ал, 3-і «Ауыл» ХДПП, 3-і «Ақжол» ҚДП-нан екенін атап өткен жөн. Партия облыстық филиалының төрағасы облыстық мәслихаттағы депутаттардың сапалық құрамына да тоқталып өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы облыстық мәслихаттың құрамы 76,7 пайызға жаңарғанын тілге тиек етті.

Бұл шақырылымдағы «Nur Otan» партиясы депутаттарының ішінде әйелдер мен жастардың үлесі 40 пайызға дейін өскен. Депутаттардың 43,3 пайызы бизнес, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы сынды экономиканың нақты салаларының өкілдерінен тұрады. Облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясынан сайланған депутаттық корпус тоғыз ұлттың өкілінен жасақталды. Олардың қатарында көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Мәслихаттағы депутаттардың орташа жасы 60-тан 48 жасқа дейін төмендеді.

Фракция отырысының күнтәртібіне сай партия облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының шешімімен облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының фракция жетекшісі тағайындалды. Бұл қызметті «ҚазФосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров атқарады. Мұнан өзге Фарида Жүнісова, Гулам Умаров және Арман Еділбаев сынды депуттатар облыстық мәслихаттағы тұрақты комиссияларға жетекшілік етпек.