08 сәу, 2018 сағат 09:04

Жалынды жастар жиыны

 

Қыстың тоңын тарқатқан наурыз айының соңында Астанада өткен «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі күллі Қазақстандағы жастардың көңілін тербеп, армандарға қанат бітірді. Сол арқылы ел келешегінің отаншыл, мемлекетшіл көзқарасы қалыптасқанын байқадық. Оған екі күндік алқалы жиында сөз сөйлеген делегаттардың ой-пікірлері дәлел. Жапырағы жайқалған Жетісу жерінен барып қатысқан елуге жуық делегаттың атынан әр ауданның жастары толғандырған ойларымен бөлісуді жөн көріпті.

Бұл күнді албырт сезім алып-ұшып, тағатсыздана күттік. Өйткені «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі өтеді» деп белгіленген күн көпшіліктің үмітін үкілеген еді. Соған орай артынып-тартынып, қағаз-қапшығымызды түгендеп, бас қалаға аттандық. Алматы облысынан шыққан 44 делегат пен шақырылған қонақтың әрбірінің көзіндегі қуаныш, жүрегіндегі елге деген жалынды сезім айрықша байқалады. Пойызда отырған әр ауданның «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшылары мен жастар жарыса-жармаса пікір алмасып жатты. Яғни, съезден не күтетіні, дайындығы туралы ойларымен бөлісіп, өзара көкіректерді тербеген армандарын әңгімелейді.

Зәулім сарайы жарқырап, қызу тірліктің қазанындай қайнаған Елорданың күні күлімдеп, ауа райы ашық болып тұрды. Пойыздан күтіп алған ұйымдастырушылар жастарға «Бәйтерекке» бас сұғып, «Хан шатырында» серуендеп, Әзірет Сұлтан мешітіне кіріп, дұға тілеп қайтуына мүмкіндік жасапты.

Екі күнге жалғасқан съездің бірінші күні делегаттар 5 топқа бөлініп, «Рухани жаңғыру», «Цифрлық Қазақстан», «Қазақстанда жасалған», «Білім, Ғылым, Инновация» «Саламатты ұлт» тақырыптарында ой қозғап, өз жобаларын ортаға салды. Пікірталас алаңдарында ашық әңгіме өткізіліп, жастарды толғандырған мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, жастар саясатын дамыту жолдары кеңінен пысықталып, түйткілді мәселелерді шешу жолдары қарастырылды.

Келесі күні Конгресс-холл орталығына жиналған мыңдаған жас дүбірлі күнге орай жиналғандарына арқа-жарқа болып, танысып, білісіп жатты. «Ер айтса елді айтқаны, көптің қамын жеп айтқаны» деген мәтелде айтылғандай, Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға арнаған салмақты сөзін, қуанышқа толы құттықтауын ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді. Онда «Жас Отан» Мемлекет басшысының барлық бастамалары мен стратегиялық жоспарларының сенімді тірегіне айналғаны, бұл беделді ұйым мыңдаған білімді де белсенді жастардың, Қазақстанның нағыз патриоттарының басын біріктіріп отырғаны ерекше аталыпты. Президент жастарды жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін меңгеруге, отандық және әлемдік әдебиеттің бай мұрасын танып-білуге, ең бастысы, әлемдік деңгейдегі кәсіби маман болуға шақырды. Елбасының жастарға деген құрметі, жанашырлығы әр сөзінен білініп, естігендер еріксіз шабыттанып, ерекше рухтанып тұрды.

Одан кейін идеялары мол, ойлары ұшқыр, еңбекке қабілет-қарымын ерекше салатын, пікірлерін еркін жеткізе алатын талапты спикерлердің жарыссөзі басталды. Алған әсеріміз ерекше. Жаста болса өз ортасын мойындатқан жалынды жандар өскелең ұрпақтың  болашағына бағыт-бағдар беріп, ілгері басуға қозғаушы күш болып қана қоймай, ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асырып, рухын асқақтатын, жүрегі «Отан» деп соғатын жастарға адастырмас бағдаршам болды. Сол арқылы съезге «Жаңа әлемге жол саламыз» деген атаудың бекер қойылмағанын ұғындырып, бүгінгі ұрпақтың жаңашыл білім мен инновацияға деген ұмтылысын аңғартты.

Еліміздің жас  ұрпағына, жас толқынына ақ жол тілеген, аталы сөз айтып, үлгі-өнеге нұсқаған Елбасымызбен бірге болып, адал еңбек етсек, әлі талайды таңғалдырамыз.

Жас жүректерді тоғыстырған күннің келешегі кемел, болашағы жарқын болсын!

Гүлнар Дүскеева,
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі